Қадір түні (Ләйләтул-Қадр)

Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында

Аллаһ Тағала былай деді: «Негізінен оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. (Мухаммад) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және рух (Жебірейіл) ол кеште Раббыларының руқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады» («Ләйләтул-Қадр» сүресі, 1-5 аяттар).

Аллаһ Тағала былай деді: «Айқын Кітаппен ант! Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште Біздің бұйрығымызбен барлық хикметті істер шешіледі» («ад-Духан» сүресі, 2-5 аяттар).

Қатада: «Бұл түнде келесі жылдың амалдары тағдырға жазылады», — деді (“Тафсир әт-Табари” 25/65).

Ибн `Аббас (оған Аллаһ разы болсын) былай деп баяндайтын: «Аллаһ Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден “Сақтаулы Тақтадан” (Ләухул-Махфуз) “Ұлылық үйі” деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Аллаһ Құранды Өзінің Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбрейіл періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты) жиырма үш жыл бойы түсірді» (Қараңыз: “Тафсир әт-Табари” 2/144, “әл-Мустадрак” әл-Хаким 2/530 және “Тафсир Ибн Касир” 4/685. Хабардың сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз Ибн Хәжар, шейх әл-Әлбани мен шейх `Абдул-Қадир әл-Арнаут растаған).

Шейх әл-Әлбани былай деді: «Ғалымдардың айтуынша, Ибн `Аббас бұл сөздерді өз атынан айтуы мүмкін емес. Ол мұны Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естіген, өйткені сахабалар ғайып (көмес, жасырын) істер жайында өз атынан айтпайтын» (Тындаңыз: “Силсиләтул-һуда уә-н-нур” № 410).

Әнас ибн Мәлик былай деп айтқан: «Рамазан кіргенде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм болған адам ғана айырылып қалады!”, — деп айтты» (Ибн Мәжаһ 1/289. Хадистің сенімділігін хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз “әс-Силсилә әс-сахиха” 1307).

Қадір түні өзінің осындай атауын Ұлы Аллаһтың алдындағы алатын ұлы орны мен басқа күндер мен түндердің алдындағы артықшылығы себепті, сондай-ақ бұл түні адамдардың өмір мерзімі мен несібелері, сондай-ақ жыл бойы орын алатын нәрселер тағдырға жазылатындығы себепті алды (қараңыз: “Тайсирул-Карими-р-Рахман” 1017).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» (әт-Таялиси 2545, Ибн Хузайма 2/223. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 2205).

Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Аллаһ Тағала оны игі-берекелі етті, ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен!

Хафиз Ибн Ражаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қолдан жіберіп алғандарыңды қайта толықтыру үшін Қадір түнін пайдалан, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!», — деп айтқан (қараңыз: “Ләтаифул-мә’ариф” 191).

Қадір түнінде құлшылық етуде ынта-ыждағат таныту керектігі жайында

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім Қадір түнін Аллаһтың сый-сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқумен өткізсе, оның бұрыңғы күнәлары кешіріледі» (әл-Бухари 38, Муслим 760).

`Айша (анамыздың) Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі, егер мен Қадір түнінің кіргені туралы білсем, не айтуым керек?» — деп сұрағаны хабарланады Ол: «”Уа Аллаһ, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені керіше гөр!”, — деп айт», — деді (әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким. Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 4423).

اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني

/Аллаһуммә иннәкә ‘афуун, тухиббул-‘афуа фа‘фу‘анни/

Осы хадистерді атап болған соң, хафиз Ибн Ражаб былай деді: «Суфиян әс-Саури: “Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек”, — дейтін. Суфьянның айтпақшы болғаны: көп дұға ету дұға жиі айтылмайтын намаздан артық. Алайда егер адам Құранды оқып, дұға ететін болса, онда әрине бұл жақсырақ. Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақтап оқыған және мейірім туралы аят оқығанда, оны тілейтін, азап туралы аят оқыса, Одан пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді біріктіретін! Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады» (“Ләтаифул-мә’ариф” 204).

Қадір түні қашан болады?

Қадір түнінің нақты күні жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер болған, алайда олардың барлығы Қадір түнінің рамазанның соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бірауыздан келіскен. Ол туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп хабарлаған: «Қадір түнін рамазанның соңғы он тақ түндерінің бірінде күтіңдер!» (әл-Бухари 2017, Муслим 1169).

Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі) Қадір түні рамазан айының жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және соңғы түніне сай келгені жеткен» (Қараңыз “Сунан әт-Тирмизи” 1/372).

Әл-Музани және Ибн Хузайма сынды имамдар осы тақырыптағы хабарлардың барлығын жинап: «Қадір түні әр жыл сайын ауысып тұрады!», — деген (Қараңыз: “Сахих Ибн Хузайма” 3/329).

Осы пікірді хафиз Ибн Хәжар да таңдаған. Ол былай деген: «Ең дұрыс пікірге сәйкес, ол (Қадір түні) Рамазанның соңғы он түндерінің бірі болып табылады әрі тақ түнге сай келеді. Оның үстіне, бұл тараудағы хадистерден анық болып отырғандай, ол әр жыл сайын әртүрлі күндерге сай келеді» (Қараңыз: “Фатхул-Бари” 4/326).

Ғалымдардың айтуынша, Қадір түнінің нақты күні белгісіз болуының даналығы мұсылмандар тек осы күнгі құлшылықтарына ғана сенім артып қоймай, рамазан айының соңғы он түндерінің барлығын құлшылықта өткізулері үшін осылай болған болуы мүмкін.

Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де рамазанның соңғы он түннің барлығында да құлшылықта ерекше ынта танытатын. Бұл туралы `Айша: «Рамазанның соңғы он күндері келгенде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», — деп айтатын (әл-Бухари 2024, Муслим 1174).

Қадір түнінің белгілері жайында

`Убада ибн Самиттен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы былай деп айтқаны жеткізіледі: «Қадір түнінің белгісі – оның түнық әрі жарық, ал ай сол түні бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Оның тағы бір белгісі: таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады, әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді» (Ахмад 5/324. Хафиз әл-Хайсами “Мәжма’у-з-зауаидте” бұл хадистің барлық жеткізушілері сенімге ие екенін айтқан, ал хафиз Ибн Кәсир иснадын хасан деп атаған. Қараңыз: “Тафсир Ибн Касир” 4/255).

Шейх Ибн ‘Усаймин: «Ал осы түні иттер мүлдем үрмейді немесе аз үреді деген хабарларға келер болсақ, онда олар шыңдыққа сай емес» , — деп айтқан (Қараңыз: «Шархул-мумти’» 6/499).

Бірақ Рамазанның соңғы он түндерінде Аллаһқа шынайы ықыласпен және дұрыс құлшылық еткен әрбір мұсылман Қадір түнінде жасалған құлшылығы үшін уәде етілген ұлы сыйын алады, тіпті егер ол оның дәл қай түні өтіп кеткенін білмей қалған болса да!

You may also like...