АЙТ НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМДЕР

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Намазды мен сендердің көздеріңше қалай орындаған болсам, солай орындаңдар!» (әл-Бухари 631, 6008).

Айт намазының міндеттілігі

Айт намазын орындаудың міндеттілігіне қатысты ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Ғалымдардың көпшілігі бұл намазды міндетті деп есептемеген. Олар Аллаһ бес намазды ғана парыз еткені жайында айтылған жалпылама хадистерге сүйенген. Ал Абу Ханифаның пікіріне келер болсақ, ол Айт намазы әрбір мұсылманға міндетті болып саналады деген, сонымен бірге бұл әш-Шәфи`и мен Ахмадтың пікірлерінің бірі болып табылады (Қараңыз: “әл-Инсаф” 2/240, “әс-Сәйлюл-жәрар” 1/315).

Осы пікірдің жақтаушыларының айтуы бойынша, Айт намазын орындау ерлерге де, әйелдерге де міндетті (уәжиб) болып табылады, себебі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазға шығуды баршаға: балалар мен қарт кісілерге де, ерлер мен әйелдерге де — бұйыратын. Ибн `Аббас былай деген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз қыздары мен әйелдеріне екі Айт (Ораза Айт пен Құрбан Айт) намазына шығуды бұйыратын» (Ахмад 1/231, Ибн Әби Шәйба 2/182. Хадис сахих. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 2115).

Сондай-ақ Умм `Атыйядан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы намазға шығуды барлық, тіпті етеккірі келген әйелдерге де әмір еткені хабарланады. Ол былай деген: “Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: «Жас қыздар және шымылдық артында отырған (бойжеткендер), сондай-ақ етеккірі келген әйелдер үйлерінен шығып, игі істерде және мүміндердің Аллаһқа өз дұғаларын айтып жалбарынуларына қатыссын, алайда етеккірі келгендері намаз орнынан алшақтау тұрсын[1]»” (әл-Бухари 324, Муслим 2/605).

Ибн ‘Аббас: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қыздары мен әйелдеріне екі айт намаздарына шығуды бұйыратын», — деп баяндаған. Ахмад, Ибн Мәжаһ, әт-Табарани. Хадис сахих. «Сахих әл-жәми’» 4888.

Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Айт намаздары міндетті екеніне егер айт намазы мен жұма намазы бір күнге түссе, онда жұма намазы міндетті болмайтыны да дәлел болып табылады. Ал өз негізінде міндетті болмаған нәрсе еш уақытта міндетті болған бұйрықтың күшін жоя алмайды!” Қз.: “ар-Раудату-ннадийя” 1/142.

Әрі шындығында да, егер Айт намазы тура сондай[2] мәртебеге ие болмағанда, ол жұма намазын орындау міндеттілігінің күшін жоймас еді. Зайд ибн Арқам былай баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазын орындады да, содан кейін жұма намазының уақыты келгенде: «Кім бұл намазды орынғысы келсе, орындасын», — деп айтты. Абу Дауд, 3/407, Ибн Мәжаһ 1/415. Хадистің сахихтығын Ибн әл-Мәдини, әл-Хаким, имам әз-Зәһаби, хафиз әл-Бусайри, шейх әл-Әлбани, шейх ‘Абдуль-Қадир әл-Әрнаут пен Шу’айб әл-Әрнаут растаған. Қз.: “әл-Муғни” 2/385, “Тәлхисул-хабир” 2/178, “Ируаул-ғалил” 2/135.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Біз, бұл туралы Абу Ханифа және басқа имамдар айтқандарындай, айт намазы әрбір (мұсылманға) жеке парыз (фардул-‘айн) болып табылады деген қорытындыға келдік. Әрі бұл имам Шәфи`идің де пікірлерінің бірі және имам Ахмад мазхабының да пікірлерінің бірі. Ал «Айт намазы фардул-кифая[3]» деген сөздерге келсек, олар ақиқат болудан алыс! Ақиқатында, ол Исламның ең ұлы рәсімдерінің бірі, әрі оған жұма күнінен де көбірек адам жиналады, онда тәкбір бекітілген. Ал ол фардул-кифая деген тұжырым дұрыс емес”. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 23/161.

Имам әш-Шәукани былай деп айтқан: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазын ешқашан қалдырмағанын және адамдарға, тіпті шымылдықтың артында отырған бойжеткен қыздарға, тіпті етеккірі келген әйелдерге намазға шығуды бұйырғанын біл! Әрі орамалы (жулбәбы) болмаған әйелдерге оны құрбылары беруге тиіс деп айтатын еді. Мұның барлығы айт намазының мұсылмандар үшін берік бекітілген парыз болып табылатынын дәлелдейді» (Қараңыз: “Сәйлул-жәрар” 1/315).

Шейх `Абдуллаһ әл-Бәссам ғалымдардың айт намазының үкіміне қатысты айтқан пікірлерін атап өтіп, былай деді: «Имам Ахмадтың «Айт намазы әрбір мұсылманға міндетті, әрі оның міндеттілігі аяттан және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазды әйелдерге де орындауды бұйырғанынан шығып келеді» деген басқа да пікірі бар. Бұл пікірді шейх Тақиюддин (Ибн Тәймия) таңдаған, әрі дұрыс пікір де дәл осы» (Қараңыз: ”Тәудых әл-ахкам“ 2/388).

Айт намазы орындалатын орын

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес Айт намазы қаланың немесе ауылдың жанындағы сол үшін арнайы белгіленген ашық жерде орындалады. Бұл төрт мазһабтың барлық имамдарының пікірі болып табылады. Абу Са`ид әл-Худри былай деп айтқан: “Ораза Айт пен Құрбан Айт күндері Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым намаз орындалатын жерге шығатын еді. Әрі оның ең бірінші болып бастайтын нәрсесі намаз болатын; ал ол аяқталған соң ол қатарласып отырған адамдардың алдына тұрып, оларға уағыз айтып, өсиеттері мен әмірлерін беретін” (әл-Бухари 956).

Имам ибн әл-Хаж әл-Мәлики былай деген: “Екі Айт намаздарын олар үшін арнайы белгіленген жерде орындау бекітілген Сүннет болып табылады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің мешітімде оқылған намаз (Меккедегі) әл-Харам мешітінен басқа кез-келген жерде оқылған мың намаздан да артық», — деп айтқан. Әрі осы ұлы артықшылыққа қарамастан, ол өз мешітін қалдырып, Айт намазы орындалатын жерге шығатын еді“ (Қараңыз: “әл-Мәдхал” 2/283).

Имам әш-Шәфи`и былай деген: “Бізге Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі Айт намаздарын орындау үшін Мәдинаның сыртына шығатыны жеткен. Одан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейін де, егер бұған жаңбыр немесе тағы бір нәрселер кедергі болмаса, осылай жасалатын еді” (Қараңыз: “әл-Умм” 1/207).

Имам әл-Бәғауи: “Имам үшін Айт күні Айт намазы орындалатын жерге шығу Сүннет болып табылады. Алайда егер себеп болса, оларды мешітте де орындауға рұқсат етіледі“, — деді (Қараңыз: “Шарху-Ссунна” 4/294).

Имам әл-`Айни: “Айт намазын мешітте емес, ашық жерде орындау керек. Ал мешітте оны тек қажеттілік болған кезде ғана орындау керек” (Қараңыз: “Шәрхул-Бухари” 6/280).

Айт намазының уақыты

Айт намазының уақыты күн көкжиектен найзаның биіктігіндей болып көтерілген уақыттан кіреді. Яғни намаз оқу құпталмайтын уақыт өтісімен бірден (басталады). Әрі оның уақыты күн тас төбеге көтерілгенге, яғни бесін намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Қз.: «‘Аунул-Мә’буд» 3/486, «Шәрхул-мумти’» 5/156.

Егер Айт намазының уақыты білместікпен жіберіліп алынған болса, онда оны келесі күнге ауыстыру керек. `Умайр ибн Әнас былай деп айтқан: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ансарлардан болған сахабалары былай баяндайтын: «Біз ораза ұстап жүрген кезде, Шәууалдың (оразаның аяқталуын білдіретін) жаңа туған айын көрмедік, сол үшін ертесіне де ораза ұстадық. Сосын кешке қарай атты бір топ келіп, Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кеше айды көргендерін хабарлады. Сонда Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны тоқтатып, келесі күні Айт намазына шығуды әмір етті»” (Абу Дәуд 1/198, Ибн Мәжаһ 1/217. Хадистің сенімділігін имам Исхақ ибн Раһауайһ, Ибн әл-Мунзир, имам әл-Бәйһақи, имам әл-Хаттаби, хафиз Ибн әс-Сакан және имам ән-Нәуауи растаған).

Имам әш-Шәфи`и: “Егер Айт намазы өз уақыты кірместен бұрын орындалып койған болса, онда оны қайта оқу керек”, — деді (Қараңыз: “әл-Умм” 1/386).

Ғалымдардың көпшілігі Ораза Айт намазын кішкене кейінге ілгерілетіп, ал Құрбан Айт намазын ертерек бастау керек деп есептеген (Қараңыз: “Ниһая әл-мухтаж” 2/396, “Хашия Ибн ‘Абидин” 2/171).

Хафиз ибн Ражаб былай деген: «Ораза Айт намазын кейінге ілгерілетудің даналығы мұсылмандар әл-Фитр зекетін асықпай кедейлерге беріп үлгеруінде. Ал Құрбан Айт намазын орындауға деген асығудың мәні адамдар құрбандықтарын ертек шалып, одардан тезірек дәм татуында» (Қараңыз: “Фәтхуль-Бәри” 8/461).

Айт намазының ракағаттар саны

`Умар ибн әл-Хаттаб былай деген: “Жұма намазы екі ракағаттан тұрады, Құрбан Айт намазы екі ракағаттан тұрады, Ораза Айт намазы екі ракағаттан тұрады және жолаушы адамның намазы да екі ракағаттан тұрады. Әрі бұл — осы туралы Пайғамбарларыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тілімен айтылған, осы намаздардың қысқартылған емес, толық ракағат саны!” (Ахмад 1/37, ән-Нәсәи 1420. Имам Ибн Хузайма және шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).

Айт намазындағы тәкбірлердің саны

`Абдуллаһ ибн `Амрдан (жеткен хадисте) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Ораза Айт намазындағы (бірінші ракағатта) тәкбірлердің саны – жеті, ал екіншісінде – бес, әрі сүрелерді солардан кейін оқу керек» (Ахмад 2/180, Абу Дәуд 1151, Ибн Мәжаһ 1278).

Айт намазындағы тәкбірлердің саны жөнінде жеткен ең сенімді (хадис) – осы. Бұл хадистің сенімділігі жайында имам Ахмад, имам Ибн әл-Мәдини, имам әл-Бухари, имам әт-Тирмизи, хафиз әл-Хайсәми және шейх әл-Әлбани айтқан (Қараңыз: “әт-Талхыйс” 144).

Сондай-ақ бұл `Айшаның былай деп баяндаған хадисімен күшейеді: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт және Құрбан Айт намаздарында бірінші ракағатта жеті тәкбір, ал екіншісінде бес тәкбір айтатын” ( Абу Дәуд 1149, әл-Хаким 1/299. Хадис сахих. Қараңыз: “Ируаул-ғалил” 639).

Қасим Абу `Абдур-Рахман былай деген: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сахабалары маған: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге Айт намазын орындаған кезінде, төрт-төрт тәкбірден жасады», — деп баяндаған” (әт-Тахауи 4/245. Имам әт-Тахауи және шейх әл-Әлбани хадистің иснадын жақсы (хасан) деп атаған. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 2997).

Ибн Мәс`уд Айт намазындағы тәкбірлер туралы былай дейтін: “Алдымен төрт тәкбір жасап, сосын Құран оқу керек. Содан кейін тәкбір жасап, рукуғқа бару керек. Екінші ракағатта әуелі Құран оқып, содан соң төрт тәкбір жасау қажет” (‘Абдур-Раззақ 5687. Сенімділігін имам Ибн Хазм және хафиз Ибн Хәжар растаған. Қараңыз: “әд-Дирая” 1/220).

Ал Ибн `Аббас: “Кім қаласа, (Айт намазында) жеті тәкбір жасасын, ал кім қаласа тоғыз, он бір немесе он үш тәкбір жасасын”, — деді (әт-Тахауи 2/401. Шейх әл-Әлбани иснадын сенімді деген).

Имам Ахмад: “Сахабалар Айт намазындағы тәкбірлердің саны жөнінде әртүрлі пікірде болған, бірақ осы үлгілердің барлығы рұқсат етілген”, — деп айтқан (Қараңыз: «әл-Фуру’» 2/139).

Дәл осыны шейх Ибн `Усаймин де айтқан (Қараңыз: «Шархул-мумти’» 5/179).

Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірінші ракағатта жеті, ал екіншісінде бес тәкбір жасағаны айтылған алғашқы түрі ең жақсы нұсқа болып табылады. Имам әл-Бәғауи былай деп айтқан: “Сахабалардың ішіндегі көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша, Айт намазында бірінші ракағатта, тәкбир әл-Ихрамды (намазға кірерде жасалытын тәкбірді) санамағанда, жеті тәкбір, ал екінші ракағатта, орыннан тұрарда айтылатын тәкбірді есептемегенде, бес тәкбір жасалады. Әрі олар сүрелер оқылудан бұрын айтылуы керек. Бұл Абу Бәкрдан, `Умардан және `Алиден, оларға Аллаһ разы болсын, жеткен” (Қараңыз: “Шарху-с-Сунна” 4/309).

Айт намазындағы тәкбірлер оның шарты болып саналмайды

Егер имам Айт намазында әдейілеп болсын, не ұмытшақтықпен болсын, тәкбірлерді айтпаса, бұл намазды бұзбайды. Имам Ибн Қудама: “Мен бұл мәселеде келіспеушіліктер білмеймін”, — деген. Яғни тәкбірлерді қалдыру намазды бұзады деген мәселеде.

Бұдан қалса, ғалымдардың арасында «Егер имам Айт намазында тәкбір жасауды ұмытса, сәһу сәждесін істеу керек пе?» деген мәселеде келіспеушліктер болған. Біреулері оны істеудің қажеті жоқ десе, басқалары сәһу сәждесін істеу керектігін айтқан (Қараңыз: «әл-Фуру’» 2/140, “әд-Дурарул-мудыя” 1/196).

Алайда Айт намазында тәкбір жасауды ұмытқан адам сәһу сәждесін жасағаны абзалырақ болады.

Тәкбірлердің арасында не айтуға болады?

Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол тәкбірлер арасында бірнәрсе айтқаны жайлы ештеңе жетпеген, алайда Ибн Мәс`удтың Айт намазындағы тәкбірлер жайында былай дегені жеткізіледі: “Әр екі тәкбір арасында Аллаһқа мақтау мен пәктеу айтылады” (әл-Бәйһақи 3/291. Сенімділігін хафиз әс-Сәһауи мен шейх әл-Әлбани растаған).

Тәкбірлерді айту кезінде екі қолды көтеру керек пе?

(Ораза Айт пен Құрбан Айт) мерекелі намаздарда әрбір тәкбір айтқан кезде екі қолды көтеру туралы айтар болсақ, онда бұл жөнінде Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқандай нұсқау жоқ.
Ал енді, `Умардың жаназа намазында да, Айт намазында да әр тәкбір сайын екі қолын көтергені туралы айтылған хабарларға келер болсақ, онда ол хабарды келтірген имам әл-Бәйһақи: “Оның иснады үзілген”, — деп айтқан (Қараңыз: “Сунан әл-кубра” 2/293).

Сондай-ақ кейбір имамдардың айтуы бойынша, осы тәкбірлерді айтқанда Ибн `Умар екі қолын көтерген. Ибн әл-Қайим былай деді: “Ибн `Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәлме-дәл ілесетініне қарамастан, ол бәр-бір тәкбірлерде екі қолын көтерген” (Қараңыз: “Зәдул-мә’ад” 1/441).

Алайда шейх әл-Әлбани былай деген: “Ибн `Умардан жеткен бұл хабарға келсек, онда мен оны әзірше таба алмадым” (Қараңыз: “Тәмамул-минна” 349).

Имам Мәлик: “Айт намазындағы біріншісінен басқа тәкбірде екі қол көтерілмейді”, — деп айтқан (Қараңыз: “әл-Мудаууана” 1/169).

Алайда Мәликтен жеткен тағы бір хабарда екі қолды көтеруге ешқандай нұсқау келмегеніне қарамастан, оның бұған рұқсат бергені айтылады. Уәлид ибн Муслим былай деді: “Мен Мәликтен (Айт намазындағы тәкбірлерді айтқанда) қолдарды көтеру жайында сұрадым, сонда ол: «Иә, әр тәкбір сайын екі қолыңды көтере бер, бірақ мен бұл туралы ештеңе естігенім жоқ», — деп жауап берді” (Қараңыз: “Ахкамул-`идайн” 137).

Дегенмен бұл істің жасау абзал екендігі жайында анық дәлелдің жоқтығы себепті, оны істемеген жақсырақ болады.

Айт намазындағы тәкбірлерге байланысты кейбір мәселелер

Имам Ибн Муфлих былай деді: “Егер имам жасалған тәкбірлердің санында күманданып қалса, онда азына (яғни сенімді болған санына) сүйенсін” (Қараңыз: «әл-Мубди’» 2/185).

Имам ән-Нәуауи былай деген: “Ал имамнан басқа біреу (яғни имамның артында ұйып тұрғандар) туралы айтар болсақ, онда олар үшін бұл тәкбірлерді іштей айту Сүннет болып табылады” (Қараңыз: «әл-Мәжму’» 3/295).

Айт намазында қандай сүрелер оқыған жақсы?

`Умардың бірде Абу Уәқид әл-Ләйсиден Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза және Құрбан Айт намаздарында не оқығаны туралы сұрағаны жеткізіледі. Сонда ол: “Ол «Қаф. Ұлы Құранмен ант!» («Қаф» сүресі) және «Сағат жақындады да, ай қақ бөлінді» («әл-Қамар» сүресі) деген сүрелерді оқыды”, — деп айтты (Муслим 1477).

Ну`ман ибн Бәшир былай баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намаздары мен жұма намаздарында «Аса Жоғары Раббыңның есімін пәкте!» («әл-Ә`ла» сүресі) және «Саған Қаптаушы (күннің) хабары жетті ме?» («әл-Ғашия» сүресі) деген сүрелерді оқыған” (Муслим 1452).

Имам Ибн әл-Мунзир: “Имам таңдау құқығына ие, әрі егер қаласа, екі айт намаздарында «Қаф» және «Сағат жақындады» сүрелерін, немесе «Аса Жоғары Раббыңның есімін пәкте!» және «Саған Қаптаушы (күннің) хабары жетті ме?» сүрелерін оқиды. Бірақ егеримам «әл-Фатиха» сүресін және одан кейін аталғандардан басқа кез келген сүрені оқыса да, бұл жеткілікті болады”, — деп айтқан (Қараңыз: “әл-Әусат” 4/284).

Айт намазының азаны мен иқамасы бар ма?

Айт намаздарында азан да, иқама да, жалпы қандай болсын шақыруы да жоқ. Ибн `Аббас пен Жәбир былай деген: “Айт намазының имам шықанға дейін де, шыққаннан кейін де азаны жоқ. Азаны да, иқамасы да, қандай болсын шақыруы да жоқ” (әл-Бухари 2/451, Муслим 2/604).

Хафиз Ибн Ражаб былай деді: “Екі Айт намазына азан мен иқама айту дінге енгізілген жаңалық (бидғат) екенінде ғалымдар бірауыздан келіскен” (Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 8/447).

Айт намазының алдында немесе одан кейін оқылатын намаздар бар ма?

Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол Айт намазынан бұрын немесе кейін қандай да бір намаз орындады деген ешқандай сенімді хабар жетпеген. Ибн `Аббас былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазын оқыды да, оған дейін де, одан кейін де ешқандай намаз оқымады” (әл-Бухари 945, 1364, Муслим 884).

Имам Ахмад: “Айт намазынан бұрын да, кейін де ешқандай бекітілген намаз жоқ!”, — деді (Қараңыз: “Мәсаилюл-имам Ахмад” 469).

Сонымен, біз Айт намазына келіп, отырмастан бұрын екі ракағат оқитын адамдардың Сүннетке қайшы келіп жатқанын көреміз. Алайда егер Айт намазы мешітте орындалатын болса, онда мешіттің белгілі намазы бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Егер сендерден біреулерің мешітке кірсе, екі ракағат оқымастан бұрын отырмасын» (әл-Бухари 444, Муслим 714).

Абу Са`ид әл-Худри былай деген: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намазына дейін ешқандай намаз оқымайтын, бірақ үйіне қайтқан соң, ол екі ракағат оқитын еді” (Ибн Мәжаһ 1/1293. Хафиз Ибн Хәжар, әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани хадистің иснадын жақсы деп атаған).
Хафиз Ибн Хәжар мен имам әс-Сән`ани осы хадис пен одан алдын айтылған хадистерді біріктіріп, бірінші айтылған хадистерде Айт намазы орындалатын жер туралы сөз болып жатқанын, өйткені ол жерде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намазынан алдын да, кейін де ешқандай намаз оқымағанын, ал Абу Са`идтің хадисінде Айт намазынан кейін екі ракағат намазды үйде оқу туралы сөз болып жатқанын айтқан (Қараңыз: “әт-Талхис” 144, “Субулю-с-Сәләм” 2/123).

Айт намазындағы құтпа туралы

Жұма құтпасынан ерекше, Айт құтпасы намаздан кейін айтылады. Ибн ‘Аббас былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісімен, Абу Бакрмен, ‘Умармен және ‘Усманмен бірге айт намаздарын орындайтынмын, әрі олардың барлығы намазды құтпаға дейін орындайтын. Әл-Бухари 962, Муслим 884.

Алайда жұма құтпасынан айырықша, Айт құтпасын тыңдау міндетті болып табылмайды. ‘Абдуллаһ ибн Сәиб былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындалған Айт намазына қатысқанмын, әрі ол намаздан кейін: «Расында, біз қазір құтпа оқимыз; кім қалғысы келсе, отырсын, ал кім кеткісі келсе, кете берсін», — деп айтты”. Абу Дауд 1155, ән-Нәсаи 1570, Ибн Хузайма 462. Хадистің сахихтығын имам әл-Хаким, әз-Заһаби, Ибн Хузайма, әл-Әлбани растаған.

Имам әс-Сән’ани былай деген: “Екі айт намазындағы құтпа міндетті еместігі туралы бірауызды пікір (ижма’) жеткізіледі”. Қз.: “Субулю-с-Сәләм” 2/490.

Имам әш-Шәукани былай деген: “Мен осы құтпа міндетті деп айтқан ешкімді білмеймін!” Қз.: “Нәйлюл-әутар” 3/377.

Егер адамның зәру істері болмаса, онда оның құтпаға да қатысқаны жақсырақ болады.

Ибн әл-Қайим былай деген: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің әрбір құтпасын Аллаһты мадақтаудан бастайтын,[4] және ол екі Айт құтпасын тәкбірлермен бастағаны туралы бірде-бір сенімді хадис жеткізілмеген”. Қз.: “Задул-мә’ад” 1/447.

Ал Ибн Мәжаһ келтірген, онда Айт құтпасы кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көп тәкбір айтатыны туралы хабарланатын хадиске келер болсақ, ол сенімді емес. Қз.: “Ируаул-ғалил” 647.

Сол сияқты Айт құтпасын жұма құтпасындай ортасында отырып екіге бөлуге де ешқандай нұсқау келмеген. Абу Са‘ид әл-Худри: “Ораза Айт пен Құрбан Айт күндері Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым намаз орындалатын жерге шығатын еді. Әрі оның ең бірінші болып бастайтын нәрсесі намаз еді; ал ол аяқталған соң ол қатарласып отырған адамдардың алдына тұрып, оларға уағыз айтып, өсиеттері мен әмірлерін беретін”, — деп баяндаған. Әл-Бухари 956.

Абу Са’ид құтпаны бөлу туралы еш нәрсе айтпады, әрі егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құтпаны отырыспен бөлгенде, ол бұл туралы міндетті түрде хабарлайтын еді. Қз.: “Ахтау-ммусаллин” 410 және “Сахих фиқһу-с-Сунна” 1/607.

Имам әс-Сан’ани бұл хадиске түсіндірме жасап, былай деген: “Онда Айт құтпасы заңдастырылғанына және ол бұйрықтар мен насихаттарды қамтитын жұма құтпасы сияқты екеніне нұсқау бар. Әрі бұл хадисте Айт құтпасы олардың арасында имам жұма құтпасындағыдай отырып алатын екі бөліктен тұрады дегенге нұсқау жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндайды істегені бекітілмеген, ал адамдар мұны жұма намазына қияс жасап істейтін болды”. Қз.: “Субулюс-Сәләм” 2/140.

Ал әл-Бәззар келтіретін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (мир ему и благословение Аллаха) Айт намазында екі құтпа жасап, олардың арасын отырыспен бөлетіні туралы айтылған хадиске келер болсақ, ол, бұл туралы хафиз Ибн Хәжар, хафиз әл-Бусайри, шейх әл-Әлбани т.б айтқандарындай, сенімді емес. Қз.: “әт-Талхыс әл-хабир” 2/86, “Кәшфул-әстар” 1/315, “әс-Силсилә әд-да’ифа” 12/635.

Сондай-ақ Ибн Мәс’удқа телінетін “Айт күні екі құтпа айтып, олардың арасын отырыспен бөлу Сүннет болып табылады” деген сөздер де бар. Имам ән-Нәуауи бұл хабар туралы: “Ол әлсіз! Айт құтпасы туралы сенімді түрде жеткен еш нәрсе жоқ, бұда тек жұма құтпасымен қияс болған”. Қз.: “Хуласатул-әхкам” 2/838.

Айт намазынан қалып қалған адамдарға оны өтеуге болады ма?

Ибн Мәс’уд былай дейтін: “Кім имаммен бірге орындалатын Айт намазынан қалып қалса, төрт ракағат (намаз) орындасын”. Са’ид ибн Мәнсур. Сенімділігін хафиз Ибн Ражаб пен хафиз Ибн Хәжар растаған.

Алайда Әнастан ол Айт намазынан қалып қалған кезде өзінің азат етілген құлы — Ибн Абу ‘Утайбаға намаз оқитын орын дайындауды бұйырғаны, кейін өз отбасы мүшелерін жинап, олармен бірге қала тұрғындары орындайтын сияқты айт намазын тәкбірлерімен қоса орындағаны жеткізіледі. Әл-Бухари 1/241.

Хафиз Ибн Ражаб былай деген: “Ахмад Ибн Мәс’уд пен Әнастың пікірлерін біріктіріп, егер айт намазынан қалып қойғандар намазды жамағат болып оқыса, онда олар оны имам сияқты орындайды, мұны Әнас жасағандай. Ал егер Айт намазынан қалып алған адам жалғыз болып намаз орындаса, онда ол, Ибн Мәс’уд айтқандай, оны төрт ракағат оқиды деген”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 9/78.

Аллаһ жақсырақ біледі!

Әрі соңында, әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтаулар мен мадақтар болсын!

 

[1]Сөз айт намазы орындалатын жерде басқа әйелдердің жанында тұруға тыйым салынғандығы туралы емес, намаздан тыйылу туралы болуда, бұған имам Муслимнің «Алайда етеккірі келіп жатқандар намаз орындамасын» деген риуаты нұқсайтындай. Муслим 2093. Сондай-ақ Ибн Ражабтың “Фатхул-Бари” 9/58 еңбегін қараңыз.

[2] Яғни жұма намаздай міндетті мәртебеге. – Аудармашыдан.

[3] Фардул-кифая – мұсылмандардың бір тобы орындаса, қалғандарының мойындарынан түсетін міндеттілік.

[4] Сөз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір құтпасының басында айтатын Хутбатул-хаж туралы болуда.

(www.Toislam.ws сайты дайындаған «Ораза айт пен Құрбан айт намазы (Саләтул-идайн)» кітапшасынан)

Share

You may also like...