Мерекелі тәкбірлер туралы

Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулеріңүшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» («әл-Бақара» сүресі, 2: 185).

Бұл екі Ораза және Құрбан айт күндерінде белгілі тәкбірлерді айту заңдастырылған. Әрі ғалымдардың арасында мұның мустахаб екеніне келіспеушіліктер жоқ. Бұдан қалса, имам Ибн Хазм Рамазан айының оразасы аяқталатын түнінде тәкбір айту міндетті (уәжіп) деп санаған. Ол былай дейтін: “Ораза айтына қараған түні тәкбір айту уәжіп болады, ал Құрбан айтына қараған түні мустахаб болады. Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулеріңүшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар». Рамазан айының оразасы біткен соң тәкбір айту керек! Қз.: “әл-Мухаллә” 5/89.

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”. Ибн Абу Шәйба. Иснады сахих. Қз.: “Ируаул-Ғалил” 2/121.

Бұл хабарларда сондай-ақ айт намазына бара жатқанда да тәкбір айту мустахаб екендігіне нұсқау бар.

 Ораза айты тәкбірлерінің уақыты

Ғалымдардың арасында Ораза айты тәкбірлерінің уақыты қашан басталатындығы жайында келіспеушіліктер болған. Бір ғалымдар «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулеріңүшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» дегенаятқа сүйеніп, Ораза айты тәкбірлерінің уақыты оразаның аяқталу түнінде басталады әрі имам айт намазына шыққанға дейін жалғасады деген. Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Дұрыс пікір – Ораза айтының тәкбірлері шәуәлдің айы көрінген сәттен басталып, имам құтпаға шыққанға дейін жалғасатынында”. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 24/221.

Ал кейбір ғалымдар Ораза айты күніндегі тәкбірлер азанда айт намазына шыққан кезде басталып, имам шыққанға дейін жалғасады деп санаған. Осы орайда олар Ибн ‘Умардың былай деп баяндайтын хабарына сүйенген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді үйінен шыққанда және айт намазы орындалатын жерге жеткенге дейін айтатын”. Әл-Хаким, әл-Бәйһақи. Хадис хасан. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 5004.

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рамазан айтында шығып, намаз орындалатын жерге жеткенге дейін тәкбір айтатын, әрі намаз басталғанға дейін оларды айта беретін, ал намаз басталғанда, ол оларды айтуды тоқтататын”. Ибн Абу Шәйба 1/2, әл-Бәйһақи 3/279. Иснады сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 171.

Бірақ бірінші, яғни Ораза айты тәкбірлерінің уақыты Рамазанның оразасы аяқталған түннен басталады деген пікір жақсырақ болып табылады, бұған аяттың айқын мағынасы нұқсайтындай. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді айт намазына бара жатып айтатын деген хадиске келер болсақ, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді түнде айтпады дегенге нұсқау жоқ.

Имам әш-Шәфи’и “Са’ид ибн әл-Мусайиб, ‘Уруа ибн әз-Зубайр, Абу Сәләма мен Абу Бакр ибн ‘Абдур-Рахман Ораза айтына қараған түнде мешітте дауыстап тәкбір айтатынын» жеткізген. Қз.: “әл-Умм” 1/231.

 Құрбан айт тәкбірлерінің уақыты

Құрбан айт тәкбірлерінің уақытына қатысты ең дұрыс пікір – тәкбірлер «Арафа күні таң (фәжр) намазынан кейін басталады да, әт-тәшриқтің үшінші күніндегі екінті намазына дейінгі уақытты (қосып) қамтиды» деген пікір, әрі осы Али ибн Абу Талибтен, Ибн Мәс’удтан және Ибн ‘Аббастан жеткізіледі. Ибн Абу Шәйба 1/12, әл-Бәйһақи 3/314, әл-Хаким 1/300.

 Мерекелі тәкбірлерді дәл қай уақытта айту керек

Мерекелі тәкбірлерді айту уақытының кірісімен оларды кез-келген уақытта айтуға болады, өйткені оларды айту, көпшілік ойлайтындай,         тек парыз намаздарының аяқталуымен ғана байланысты емес! Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн ‘Умар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», — деп баяндаған. Әл-Бухари 1/461.

Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн ‘Умар мен Абу Хурайраның зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған. Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған. Әл-Бухари 2/448.

Хафиз Ибн Хәжар мерекелі тәкбірлер туралы сәлафтардан жеткен сөздерге қатысты былай деген: “Бұл хабарлар осы күндерде намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да тәкбір айтудың заңдылығына нұсқайды”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/535.

Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Умар былай баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”. Әл-Бәйһақи 3/279. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 4934.

«Ибн ‘Умардың (өзі де), Ораза айт және Құрбан айт күндері айт намаздарына бара жатқанда, намаз орындалатын орынға жеткенінше дауыстап тәкбір айтқан, әрі кейін де имам келгенге дейін (тәкбір айтуды) жалғастырған», — деп хабарланады. Әд-Дарақутни, Ибн Абу Шайба. Иснады сенімді. Қз.: “Ируаул-ғалил” 650.

Имам әш-Шәукани былай деген: “Мерекелі тәкбірлер тек парыз намаздарынан кейін айтылумен шектелмейді. Керісінше, оларды кез-келген уақытта айтқан абзал!” Қз.: “әд-Дурарул-мудыя” 1/195.

Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Тәкбірлердің нақты бекітілген бір түрі де, тәкбір айту үшін бекітілген нақты бір уақыт та, немесе олардың нақты бекітілген саны да жоқ. Керісінше, тәкбір айтудың санын намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да көбейте беруге рұқсат етілген! Ал біздің кезімізде адамдардың әдетіне айналған әр парыз намазынан кейін үш реттен, ал нәпіл намазынан кейін бір реттен тәкбір айтуға келер болсақ, бұған сахабалардан жеткен ешқандай нұсқау жоқ!” Қз.: “әр-Раудату-ннәдия” 1/367.

Әйелдер мерекелі тәкбірлерді айтады ма?

Имам әл-Бухари былай деп баяндайтын: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». Әл-Бухари 2/463. Алайда әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.

Мерекелі тәкбірлердің түрлері

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты бірде-бір сахих хабар жоқ. Алайда тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі.

Ибн Мәс’удтың былай дейтіні жеткізілген:

الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы, әрі Аллаһқа мақтау-мадақ!»). Ибн Абу Шәйба 2/2. Шейх әл-Әлбани иснадының сахихтығын растаған.

Ибн Мас’удтың былай дейтіні де жеткізілген:

الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد

“Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд”. Әл-Мухамили. Иснады сахих. Қз.: “Ируаул-ғалил” 3/126.

Ибн ‘Аббастың былай дейтіні жеткізіледі:

الله أكبرالله أكبر الله أكبر ولله الحمد الله أكبر وأجلّالله أكبر على ما هدانا

“Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд! Аллаһу Әкбар уә ажәл, Аллаһу Әкбар ‘алә мә һадана!” (мағынасы: «Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Барлық мақтау Аллаһқа тән! Аллаһ Аса Ұлы әрі Жоғары! Аллаһ бізді Хақ Жолға салғаны үшін аса Ұлы»). Әл-Бәйһақи 3/315. Иснады сахих.

Сәлман әл-Фариси былай дейтін: “Тәкбірді былай айтыңдар:

الله أكبر، الله أكبر كبيراً

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кәбира»”. Абдур-Раззақ. Хафиз Ибн Хәжар иснадын сахих деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Мерекелі тәкбірлердің дәл сахабалардан сенімді түрде жеткендеріне тоқталу әрі оларға қандай да бір қосымшалар қоспау керек, өйткені, ақиқатында, әрбір адам үшін сахабалардың жеткізген нәрселері жеткілікті. Хафиз Ибн Хәжар: “Осы кезде мерекелі тәкбірлерге ешқандай негізге ие болмаған қосымшалар енгізілген!”, — дейтін. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Бұл сөздер осыдан жеті жүз жыл бұрын айтылған болатын, ал біздің кезіміздегі түрлі қосымшалар мен бұрмалаулар туралы не айтуға болады?!

Мерекелі тәкбірлерді айтудың әдебі

Ғалымдардың арасында тәкбірлерді (барша қосылып) бір дауыспен айтуға қатысты келіспеушіліктер бар. Көптеген қазіргі заманның ғалымдары, солардың ішінде Ибн Баз, шейх Ибн ‘Усаймин және шейх әл-Әлбани, тәкбірлерді бір дауыспен (бірігіп) айту айыпталады деп санаған. Басқа ғалымдар бұда тұрған ешқандай проблема жоқ деп есептеген, тіпті осылай істеу жақсырақ деген. Осы орайда олар “‘Умар, Аллаһ оған разы болсын, Минада болған кезінде, тәкбірлерді шатырында айтатын, әрі мешіттегі (адамдар да) оны естіп, тәкбірлерді айтатын, ал оларға ілесіп, базардағылар да тәкбірлерді айтатын. Әрі олар оны (дауыстап) айтатыны соншалықты – бүкіл Мина тәкбірден сілкінетін!” деген хабарға сүйенеді.Әл-Бухари 1/461.

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Мұндай сілкінуге тәкбірлерді бір дауыспен қатты айту арқылы қол жеткізіледі ”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 2/461.

Имам әш-Шәукани деосы асар туралы тура осыны айтқан. Қз.: “Нәйлюл-әутар” 3/388.

Бұған қоса, осы хабардың имам әл-Бәйһақи келтіретін риуаятында: Әрі олар оны сондай айтатын – тіпті бүкіл Мина бір тәкбірден сілкіне түсетін!”, — деп айтылған.Қз.: “Сунан әл-Кубра” 3/312.

Сөйтіп, осы риуаят ‘Умардан жеткен хабарды әртүрлі түсінуді жоққа шығарады, әрі одан олар тәкбірлерді бір дауыспен айтатыны айқын болады.

Сондай-ақ бұл имам Мәлик жеткізген басқа бір хабармен де расталады. Яхъя ибн Са’ид былай деп баяндайтын: Маған ‘Умар ибн әл-Хаттаб Құрбан айт күні күн шыққан бойдан шыққаны жетті. Ол тәкбір айта бастады және адамдар да онымен бірге тәкбір айта бастады. Әрі екінші және үшінші күні де осылай жалғасты”. Қз.: “әл-Мууатта” 1/404.

Имам әш-Шәфи’и былай дейтін: “Адамдар Ораза айтында тәкбірлерді күн батқаннан кейін жеке-жеке және бірігіп кез-келген жерде имам айт намазын орындау үшін шыққанға дейін айта берулері керек”. Қз.: “әл-Умм” 1/241.

You may also like...