Намаз оқымайтындардың оразасы туралы

Кім намаз оқымаса, соның амалдары зая болады, тіпті оның кәпір болатындығы, не болмайтындығы туралы ғалымдардың арасында белгілі келіспеушіліктер бар болса да, әрі ол кәпір болмайды деп есептегеннің өзінде де!

Бұған Сүннетте дәлелдер көп.

Бірде бұлтты күндердің бірінде Бурайда былай деді: Екінті (`аср) намазын (оның уақыты кірген бойдан) ертерек орындаңдар, өйткені, расында, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Екінті намазын қалдырған адамның амалдары зая болады», — деген. Әл-Бухари 553.

Егер тіпті бір намазды қалдырудың өзі амалдарды зая ететін болса, онда бес уақыт намаздарын ешқашан орындамайтын адам туралы не айтуға болады?!

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: “Бұл хадистен зая болатын амалдар екі түрлі болатыны келіп шығады. Намаздарды мүлде орындамау, ал бұл бүкіл амалдарды зая етеді; және белгілі уақыттағы белгілі намазды қалдыру, бұл сол күннің амалдарын зая етеді. Сөйтіп, намаздарды толық тастаған жағдайда барлық амалдар зая болады да, ал белгілі намазды қалдырған жағдайда бір күннің амалдары зая болады. Егер біреу: «Қалайша амалдар діннен шығусыз зая болуы мүмкін?», — деп айтса, оған: «Иә, олар зая болуы мүмкін, өйткені Құран, Сүннет және сахабалардың сөздері игі істер күнәларды жоятыны секілді, күнәлар да игі істерді жоятыны туралы айтады. Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер! Аллаһқа, Ақырет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып еткен кісідей, садақаларыңды міндет етумен, ренжітумен жоймаңдар!» (әл-Бақара 2: 264). Ол сондай-ақ былай деді«Әй, мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлемеңдер. Ғамалдарың жойылып, аңғармай қаласыңдар!» (әл-Хужурат 49: 2). Қз.: “әс-Салә уа хукму тарикиһа” 43.

Алайда осы жерде бір маңызды ескерту жасаған жөн болады. Кейбір ақылдысымақтар намаз оқымайтын, бірақ ораза ұстайтын адамдарға олардың оразаларының ешқандай мәні жоқтығын және ораза ұстау олар үшін ешқандай рөл атқармайтынын айтып, әрі сонысымен осы адамдардың ораза ұстауды да тастауына себепкер болып, даналықсыз іс-әрекет жасап жатады.

Мынау – тіпті бір намазды қалдырған адамның өзін кәпір деп санайтын Тұрақты Комитет (әл-Ләжнату-д-Даима) ғалымдарының пәтуасы:

Сұрақ: «Мен ораза ұстап жүрген, бірақ намазды орындамайтын немесе оны тастаған жас мұсылмандарды көрдім. Намаз оқымастан ораза ұстайтындардың оразасы қабыл болады ма? Мен кейбір уағызшылардың осындай адамдарға: «Ораза ұстамай-ақ қойыңдар, өйткені намазы жоқ адамның оразасы да жоқ!», — деп айтып жатқандарын көргенмін».

Жауап: «Кімге бес уақыт намаз парыз болған болса әрі ол оның парыз екенін теріске шығарып, саналы түрде тастаған болса, сол ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша кәпір болады! Ал кім намазды жалқаулықпен және салғырттықпен орындамаса, сол да ғалымдардың осы мәселедегі дұрыс пікірі бойынша кәпір болады. Әрі кім туралы кәпір деген үкім шығарылса, соның игі амалдарының барлығы жойылады, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Егер олар (Аллаһқа) серік қосса, олардың істеген амалдарының барлығы зая болады» (әл-Ән’ам 6: 88).

Алайда мұндай адамға оразаны тастау бұйырылмайды! Өйткені оның оразасы оған тек игілік келтіреді әрі оны дінге жақындатады ғой! Оның жүрегіндегі қорқыныш оны тастап кеткен намазын қайта оқуға және осы үшін тәубе жасауға қайтаруы да әбден ықтимал». Қз.: «Фәтауа әс-Сыям» 68.

You may also like...