Ораза айт пен Құрбан айт күндеріндегі құпталатын (сауапты) амалдар

Қуаныш пен шаттық таныту

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келгенде, оның тұрғындарында екі мерекелі күн болатын. Олар (сол) күндерді ойын-сауықпен өткізетін. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Бұл күндер нені білдіреді?», — деп сұрады. Олар: “Бұл біздің пұтқа табынушылық заманынан бері тойлап келе жатқан ойын-күлкімен өткізетін күндеріміз”, — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Ақиқатында, Аллаһ оларды екі жақсырақ күндермен: Құрбан айт және Ораза айтпен ауыстырды!», — деді.Абу Дауд 1134, ән-Нәсаи 1556, Ахмад 3/178, ‘Абдур-Раззақ 15566. Хафиз Ибн Хәжар мен шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады.

Шейх Мухаммад ибн Әдам әл-Асьюби былай деген: “Бұл хадистен шариғат пен дін ережелерінің жеңіл екендігі айқын болады, өйткені Аллаһ Тағала мұсылмандар үшін олар ойнап-күлетін екі мейрамды заңдастырды!” Қз.: “Шарх «Сунан» ән-Нәсаи” 14/153.

Бұл хадисте сондай-ақ кәпірлердің мерекелерін тойлауға тыйым салынғандығына тікелей нұсқау бар. Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Бұл хадистен көпқұдайшылдардың мерекелі күндерінде қуаныш таныту айыпталатыны шығады”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 2/513.

‘Аиша былай баяндайтын: Бірде менің (бөлмемде) даңғырада ойнап тұрған екі қыз болған кезінде, маған Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп келді. Кейін Абу Бакр кіріп келді де, менен қатал түрде: «Пайғамбардың (үйінде) шайтанның сұрнайы (не істеуде)?!», — деп сұрады.[1]Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған бұрылып: «Қоя сал оларды, я, Абу Бакр, бұл мереке күндері ғой», — деді”.Әл-Бухари 949, 987, Муслим 892.

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Бұл хадисте айт (мереке) күндерінде отбасыны жүректерге шаттық сыйлайтын және дене құлшылық ауыртпалығынан дамылдайын түрлі нәрселермен қуантудың, ойнатудың заңдылығына нұсқау бар. Әрі, ақиқатында, айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!” Қз.: “Фатх әл-Бәри” 2/514.

Хафиз Ибн Ражаб былай деген: “Мереке күндерінде найзалармен және қалқандармен ойнау рұқсат етілетініне күмән жоқ, керісінше, бұл тіпті құпталады да. Өйткені осыда салт жүріске үйрену және жиһад үшін жаттығу бар. Исхақ және басқа имамдар ат үстінде доп ойнауға және жай доп ойнауға рұқсат ететін, өйткені бұда да жиһадқа дайындық бар”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 8/422.

Сондай-ақ ‘Аиша да мерекелі күндердің бірінде эфиоптар мешітте найзалармен ойнағанын және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған оларды тамашалауға рұқсат еткенін баяндаған. Ал ‘Умар оларды тоқтатқысы келгенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Қоя сал оларды», — деді. Хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Яһудилер біздің дініміз жеңілдетілген екенін білсін! Ақиқатында, мен бірқұдайшылықтың жеңіл дінімен жіберілгенмін!», — деп қосқан. Ахмад 6/116. Хафиз Ибн Хәжар хадистің иснадын хасан (жақсы) деген. Қз.: “Тә’лиқул-ғариб” 2/43.

Имам әл-Бағауи былай дейтін: “Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!” Қз.: “Шархус-Сунна” 4/323.

 Айт (мереке) күні ғұсыл алу

Зазан былай деп баяндайтын: “Бірде (бір кісі) ‘Али ибн Абу Талибтен, Аллаһ оған разы болсын, ғұсыл туралы сұрады, әрі ‘Али: «Қаласаң, күнде шомыл», — деп жауап берді. Әлгі кісі: “Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!”, — деді. Сонда ‘Али: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!», — деді”. Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278. Иснады сахих. Қз.: “әл-Ируа” 1/177.

Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн ‘Умар әркез Ораза айт күні намаз оқылатын орынға шығудан бұрын ғұсыл алатын. Мәлик 1/177. Иснады сахих.

Имам Ибн Рушд былай деген: Ғалымдар екі айт намазына толық ғұсыл құйыну абзал екендігіне бірауызды келіскен. Қз.: “Бидаятул-мужтаһид” 1/216.

Ғалымдардың көпшілігі ғұсылды таң (фәжр) намазынан кейін айт намазына дейін алу керек деп санаған. Қз.: “әл-Муғни” 3/258, «әл-Мәжму’» 5/16.

Айт намазына жақсы киім киіп шығу

Ибн ‘Аббас былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні қызыл плащ киетін”. Әт-Табарани “әл-Әусатта” 2/53. Хадистің иснады хасан. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 1279.

Ибн ‘Умар былай деп баяндайтын: “Бірде ‘Умар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді Ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», — деп жауап берді». Әл-Бухари 886, Муслим 2068.

Имам әс-Синди былай деген: “Бұл хадисте олардың (яғни Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны сахабаларының) әдетінде айт күндері киініп-жасану болғанына нұсқау бар”. Қз.: “Хашия ‘алә ән-Нәсаи” 3/181.

Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн ‘Умар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін”. Әл-Бәйһақи 3/281. Хафиз Ибн Ражаб және хафиз Ибн Хәжар иснадының сахихтығын растаған.

Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: “Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», — дейтін”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 8/414.

Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу

Әнас былай деп баяндайтын: “Ораза айты күні Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”. Әл-Бухари 953.

Бурайда былай деп баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін”. Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756. Хадистің сахихтығын имам Ибн Хузайма, имам ән-Нәуауи, шейх әл-Әлбани мен шейх Ибн Баз растаған.

Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін”, — деп айтылған. Ахмад 23034. Хафиз Ибн әл-Қаттан сахихтығын растаған.

Имам Ахмад былай дейтін: “Құрбан айт күні құрбан шалатын адам тамақ жемейді, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің құрбандығынан жеген. Ал егер адамда құрбандыққа шалатын малы болмаса, онда оның (намазға шығудан бұрын да) тамақ жеуінде дәнеме жоқ”. Қз.: “әл-Муғни” 2/229.

Айт намазына жаяу бару

Али ибн Абу Талиб былай дейтін: “Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту Сүннет болып табылады”. Ибн Мәжаһ 1297, әт-Тирмизи 530. Имам Абу ‘Иса әт-Тирмизи мен шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Имам Абу ‘Иса әт-Тирмизи былай деген: “Ғалымдардың көпшілігі адамның айт намазына жаяу баруын абзал көреді әрі қажеттілік болмаса, оған салтты (көлікпен) бармау керек деп санайды”. Қз.: әт-Тирмизи “Сунан” 1/428.

Имам Ибн Қудама «әл-Муғниде» имам Ахмадтың: “Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ”.

Айт намазына имамнан бұрын шығу

Язид ибн Абу ‘Убайд былай деп баяндайтын: “Бірде мен Сәләма ибн әл-Акуа’пен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде таң намазын оқыдым, әрі ол шыққан кезде, мен де онымен ілесіп шықтым, (сөйтіп) біз айт намазы орындалатын жерге келдік. Әрі біз отырып, имам шыққанға дейін күттік”. Әл-Фирьяби “Әхкамул-‘идайн” 29. Иснады сахих.

Имам әл-Бағауи былай дейтін: “Таң намазын орындап болған соң отырып, имам (айт) намазына шыққанға дейін тәкбір айту керек”. Қз.: “Шархус-Сунна” 4/302.

Айт намазына бір жолмен бару және одан басқа бір жолмен қайту

Жәбир былай деген: “Айт күні Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын”. Әл-Бухари 986.

Ғалымдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келгені, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар. Қз.: “Задул-мә’ад” 1/449 и “Субулюс-Сәләм” 2/435.

Алайда, бұл туралы имам ән-Нәуауи айтқанындай, осы амалдың шынайы себебін ешкім білмесе де, ол мустахаб екеніне күмән жоқ.

Бұл амал тек екі айт намазына ғана қатысты екенін ерекше атап өту керек. Қз.: “Фәтауа Ибн Усаймин” 16/223.

 

[1] Абу Бакрдің бұл әрекеті сахабалар музыкалық аспаптарды өз негізінде тыйым салынған (харам) деп санағандығына нұсқайды. Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Бакрдің даңғыраны «шайтанның сұрнайы» деп атағанын сөкпеді. Алайда Абу Бакр сол кезде Айт күні әйелдерге даңғырада ойнауға рұқсат етілгенін, әрі бұл жалпы тыйымнан ерекшелеу екенін білмеген болатын. Қз.: “Тәлбису Иблис” 239, “Мәдарижу-сcаликин” 1/493, “әл-Айят әл-бәйинат” 46-47.

You may also like...