Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салынғандығы туралы

Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». Әл-Бухари 3/280, Муслим 2/577.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Мен сендерге Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым саламын». Абу Я’лә. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 2517.

Имам ән-Нәуауи және шейх Сыддық Хасан Хан былай деген: Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғанына барлық ғалымдар бірауызды келіскен. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 8/15, “әр-Раудату-ннәдийя” 1/566.

Ораза айт пен Құрбан айт түндерінде орындалатын түнгі намаздар туралы

Кейбір мұсылмандар өте сауапты амал деп санайтын Құрбан және Ораза айт түндерін намаз оқып өткізудің сенімді негізі жоқ. Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларынан мұның заңдылығына нұсқайтын сөзбен де, амалмен де жасалған бірде-бір сенімді нұсқау жоқ.

Ал айт түндерінде намаз оқудың артықшылығына нұсқайтын кейбір хадистерге келер болсақ, олар сенімді емес! Мысалы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Ораза және Құрбан айт түндерін намаз оқумен өткізсе, соның жүрегі жүректер өлетін күні өлмейді», — деп айтты деген хадис.Осы және осы сияқты хадисті Ибн Мәжаһ 1782, әт-Табарани 1/57 және әл-Бәйһақи 3/319 келтіреді. Бұл хадистің барлық риуаяттары сахих емес, олардың иснадтарында көптеген әлсіз және тәрк етілетін жеткізушілер бар. Олардың арасында: ‘Умар ибн Харун, Ибраһим Мухаммад, Ибн әл-Уәлид, Мәруан ибн Салим. Осы себепті бұл хадистерді имам Ибн ‘Ади, имам ән-Нәуауи, шейхул-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Хәжар, хафиз әл-‘Ирақи, хафиз әл-Бусайри, имам әс-Суюты, шейх әл-Әлбани сынды мухаддистер, сондай-ақ шейх Ибн Баз басқаратын Тұрақты Комитет (әл-Ләжна әд-даима) ғалымдары тәрк етті. Қз.: “әл-Кәмил” 5/372, “әз-Зауаид” 1/549, “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мәуду’а” 521, 5163, “Фәтауа әл-Ләжна” № 11029.

Share

You may also like...