Безимени 1

Оразаға ниет ету туралы

Мұсылман адам ораза ұстағанда «Аллаһтың әміріне бағынамын және Оған жақындаймын» деген ниетке ие болуы керек. Ал ораза денсаулыққа пайдалы болғандығы үшін ғана, немесе барша ораза ұстай бастағандығы үшін ғана, немесе адамдар мақтасын деген оймен ауызын бекіткен адамның оразасы есептелмейді (жарамсыз). Олардың ұстаған оразалары қабыл болмайтынымен бірге, көз бояушылық (рия) үшін ораза ұстағандар осы үшін азапталады да. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Көзбояушылықпен (рия жасап) ораза ұстаған адам ширк (көпқұдайшылық) жасады», — деп айтқан (Ахмад 4/126 Хадис хасан).

Абу Умама әл-Баһилиден де (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, Аллаһ тек Оның Жүзіне жақындауға деген ұмтылыспен, ықыласты түрде жасалған амалдарды ғана қабылдайды» (ән-Нәсаи 3140, Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген).

Ораза ұстау үшін ниетті қашан бекітіп қою керек?

Ораза дұрыс болуы үшін, біз Рамазанның әр түні таң атқанға дейін жүрегімізде ораза тұтуға деген ниетімізді бекітіп қоюымыз қажет. Әрі бұл ең күшті пікір болып саналады, өйткені ол сенімді хадистерге негізделген.

Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Хафсадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Таң атқанға дейін жүрегінде ораза ұстауға деген ниетін бекітпеген адамның оразасы жоқ» (Әбу Дауд, Ибн Мәжаһ, әт-Тирмизи, ән-Нәсаи. Хадистің сенімділігін әд-Дарақутни, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким, Ибн Хазм, әл-Хаттаби және әл-Әлбани секілді имамдар растаған. Қараңыз: “Тухфатул-аһуази” 2/80, “Ируа әл-ғалил” 914).

Тура осыны `Айша мен Ибн `Умар да айтқан (Мәлик 1/288, әд-Дарақутни 2/172. Екі иснад та сенімді болып табылады).

Имам әл-Бағауи былай деп айтқан: «Бұл хадис ғалымдардың көпшілігі айтатын (таң атқанға дейін ниетті бекітіп кою қажет деген пікірге) нұсқайды. Өйткені күнделікті ораза өзінің ниетін талап ететін жеке құлшылық болып табылады» (Қараңыз: “Шарху-с-Сунна” 3/476, сондай-ақ “Раддул-мухтар” 2/87, және “Шархул-кәбир” 1/521).

Имам ибн Хузайма: «Нәпіл оразадан басқа оразаға ниетті түнде бекітіп қою міндетті», — деп айтқан (Қараңыз: “Сахих Ибн Хузайма” 3/198).

Шейх Сыддық Хасан Хан былай деген: «Әр күнге ниетті бекітіп қою міндетті болып табылады» (“Раудату-нәдийя” 1/539).

Таң атқанға дейін бір себептермен ниетін бекіте алмаған адамның оразасы жайлы

Егер адам таң атқанға дейін ниетін бекіту керек екенін білмеген, ұмытып қалған болса немесе ұйықтап қалса, онда оның оразасы дұрыс болады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аллаһ мен үшін үмметіме қателесіп, ұмытып және де мәжбүрленіп істегендерін кешіреді», — деп айтқан (Ибн Мәжаһ 2045, әл-Бәйһақи 7/356, әт-Тахауи 2/56. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Зәһаби, имам ән-Науауи, хафиз Ибн Ражаб, шейх әл-Әлбани растаған. Сондай-ақ «Ируа әл-ғалил» 83 кітабын қараңыз).

Ниетті қалай бекіту керек

Ниет – бұл жүректің ісі, әрі ол түннің кез-келген сәтінде жасала береді, тіпті бұл тура таң атудың алдында болса да. Имам ән-Науауи былай деп айтқан: «Ниетсіз ораза есептелмейді (жарамсыз), ал ниеттің орны – жүрек!» (қараңыз: “Раудату-т-талибин” 2/350).

Ал енді, мұны көп адамдар жасайтындай, ниетті тілмен айту мәселесіне келер болсақ, бұл дінге енгізілген жаңалық (бидғат) болып табылады, өйткені Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабалары да, және имамдардың бірде -біреуі де мұндайды істемеген.

Шейхул-Ислам ибн Таймийя былай деп айтқан: «Ниетті тілмен айту – бұл дінге енгізілген жаңалық (бидғат), әрі ертең Рамазан күндерінің бірі болатынын білетін және ораза ұстағысы келетін әрбір адам ниетін бекітуге міндетті» (“Мәжму’ул-фәтауа” 25/215).