Оразаның құндылықтары

«…Мен сендерге ораза ұстауды бұйырамын. Ораза ұстаушы адам тобыр ішіндегі адам секілді. Оның әтір (миск) оралған түйіншегі бар. Оның айналаға аңқыған иісі өзіне де, басқаларға да ұнайды. Ораза ұстаушының иісі Аллаһ Тағаланың алдында осы мисктің хош иісінен де жақсырақ».

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаушыны қалтасында хош иісті, сырт көзге көрінбейтін мисктің түйіншегі бар адаммен теңеді. Ораза ұстаушы да тура сол секілді: оның істерін ешкім көрмейді де, сезбейді де. Нағыз ораза ұстаушы – бұл өз мүшелерін күнә жасаудан, тілін өтірік пен жаман және бос сөздерден, қарнын ішіп жеуден, жыныстық мүшелерін жыныстық қатынастан бақылаушы. Ол оразаны бұзуы мүмкін болған нәрселерді айтпайды да, істемейді де. Одан миск оралған түйіншекті алып жүрген адамның хош иісіне теңестірілген тек салиқалы сөздер мен амалдар ғана шығады. Ораза ұстаушылармен бірге болушы адам олардан пайда алады, өйткені ол бос сөзден, өтіріктен, бұзақылықтан және зұлымдықтан қауіпсіз болады. Міне, осы жай ғана тамақпен сусыннан тыйылу емес, толық мағынадағы ораза болып табылады. Сахих хадисте былай деп айтылған: «Егер адам (ораза ұстау кезінде) өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін доғармаса, онда Аллаһқа оның жеп ішуден бас татқаны керек емес» (Ахмад 2\452, 505, Бухари 2\99, 100 и 10\394), басқа бір хадисте: «…оның оразадан алар үлесі тек аштың пен шөл ғана болуы әбден ықтимал», — деп айтылады (Ахмад 2\373. Шейх әл-Әлбани оны өзінің сахих хадистер жинағында 3484 реттік санымен келтірген). Яғни дене мүшелері үшін ораза – бұл күнә жасаудан тыйылу, ал қарын үшін – жеп ішуден тыйылу. Жеп ішу оразаны бұзады, ал күнәлі істер оған берілетін сауапты азайтады да, оның жемістерін жояды, осы амалды зая етеді.

Ауыздан шығатын иіске байланысты «осы дүниедегі иісі меңзелуде ме, әлде Ақыреттегі иісі ме?» дегенде ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. Құрметті шейх Абу Мухаммад Изид-Дин ибн Абд әс-Сәләм «бұл тек осы дүниеге қатысты» деген пікірге ауған, әрі осы туралы өзінің зерттеуін жазған. Шейх Абу Амр бұның екі дүниеге де қатысы бар деп санаған, әрі бірінші пікірді теріске шығаруға арналған кітап жазған.   Абу Амр (өз пікірінде) Абу Хатим ибн Хиббанның «Сахих хадистер жинағында» келтірген дәлелдеріне сүйенген, ал онда «Ораза ұстаушының ауызынан шығатын иіс Аллаһ үшін мисктен де сүйіктірек екендігінің түсіндірмесі» деген тарау бар. Онда А’маштың Абу Салихтан, ал ол Абу Һурайрадан жеткізген, Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Адамның баласының барлық амалдары өзі үшін, тек оразадан басқа. Ақиқатында, ол Мен үшін, әрі Мен Өзім оның сыйын беремін. Ал ораза ұстаушының ауызынан шығатын жағымсыз иіс Аллаһ үшін мисктің хош иісінен де сүйіктірек болады», — деп айтқан хадисі келтірілген. Келесі тарау «Ораза ұстаушының ауызынан шығатын иіс Қиямет күні Аллаһ үшін мисктің иісінен де сүйіктірек болатынын түсіндіру» деп аталады. Онда Журайждың Атадан, ал ол Абу Салих әз-Зайаттан, ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естіген мына хадисі келтіріледі:  «Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ: «Адамның баласының барлық амалдары өзі үшін. Тек оразадан басқа, өйткені ораза – Мен үшін, әрі Мен ол үшін марапаттаймын», — деді. Ал ораза ұстаушының ауызынан шығатын жағымсыз иіс Қиямет күні Аллаһ үшін мисктің хош иісінен де сүйіктірек. Әрі ораза ұстаушы екі рет қуанышқа бөленеді: ауыз ашқанда және Раббысымен кездескенде» (Бухари 10/310, Муслим 1151). Содан соң: «Ораза ұстаушының ауызынан шығатын иіс осы өмірде кейде мисктің иісінен жақсырақ болатынының түсіндірмесі» деген тарауда Шуғбаның Сулайманнан, ол Закуаннан, ал ол Абу Һурайрадан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының әрбір игі ісі еселенеді, ал игі іс үшін берілетін ең аз сый он есе болады, бірақ жеті жүз есеге дейін де көбеюі мүмкін. Аллаһ Тағала: «Оразадан басқасына. Өйткені, шынында, ораза Мен үшін ұсталады, және оның сыйын Мен өзім беремін. Өйткені адам өз қалауларын қанағаттандырудан және өз тамағынан Мен үшін бас тартады!» Ауыз бекітушіні екі қуаныш күтіп тұр: бірі – ауызашарда, екіншісі – өзінің Раббысымен кездескенде. Әрі ораза тұтушының ауызынан шығатын иіс Аллаһ үшін мисктің (әтірдің) хош иісінен де жағымдырақ!» (Муслим 1151), — деп айтқан хадисін келтіреді.

Шейх Абу Мухаммад өзінің пікірін ораза ұстаушының аузынан шығатын иістің жағымдылығы Қиямет күні туралы мәтіннің құрамында аталатындығымен дәйектейді.

Маған тек оның сөздерінің дұрыс екендігін растайтын тағы бір дәлел бар екендігін қосу ғана қалды. Ал ол екі сахихта келетін   «Жаным Қолында болғанмен ант етемін, Аллаһтың жолында жарақат алғанның кез келгені міндетті түрде Қиямет күні өзінің қаңсыраған жарақатымен келеді, әрі оның қан түсті жарақатының иісі мисктің иісі болады!» (Бухари 6/15, Муслим 1876) деген хадис.

Ибн Аббас былай дейтін: «Игі іс (адамның) жүзіндегі нұрды күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал жаман іс жүзді қарайтады, жүректі қараңғылатады, денені әлсіретеді, ризықты кемітеді және жаратылыстардың (адамға деген) жек көрушілігін тудырады».

Усман ибн Аффан былай деп айтатын: «Адам не істесе де, Аллаһ оған тиісті киімін береді. Егер іс игі болса – жақсысын, егер олай болмаса – онда жаманын».

Көрегендер үшін де, қарапайым адамдар үшін де жалпыға ортақ белгілі нәрсе – салиқалы тақуа адамдардан ұнамды, (мұрын) қуыратын хош иістің шығып тұратыны. Рухтың аңқыған иісі олардың денесі мен киіміне сіңіп қалады. Күнәһар адамдарда барлығы керісінше. Рухани дертке шалдыққан, яғни жүрегі ластанған адам біріншісін де, екіншісін де байқамайды. «Дерт» мұны істеуге кедергі жасайды. Осы сөздер — мәселенің айқын баяндамасы. Аллаһ Тағала осының дұрыстығына қатысты жақсырақ хабардар.

Қз.: Ибн әл-Қаййим «әл-Уәбил әл-Сайиб» 34-36 беттер.

 «Саляф-форум»

You may also like...