Оразаның өтем ақы істері мен қазаларын толықтыру жайында

Рамазан айында күндіз жыныстық қатынасқа барған адамның өтем ақысы (кәффара) жайлы

Бұзылған ораза үшін өтем ақы тек Рамазан айында күндіз жыныстық қатынасқа бару үшін талап етіледі. Одан басқа ештеңе үшін өтем ақы талап етілмейді!

Абу Һурайра былай деп баяндайтын: «Бірде, біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғанымызда, оған бір адам келді де: “Уа, Аллаһтың елшісі, мен құрыдым!”, — деп дауыстап жіберді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Саған не болды?”, — деп сұрады. Ол: “Мен ораза кезінде әйеліммен қосылып қойдым”, — деді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: “Босатып жіберу үшін құлдарың бар ма?”, — деп сұрайды. Ол: “Жоқ”, — деп айтты. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Ал сен екі ай үзбей ораза ұстай аласың ба?”, — деп сұрайды. Ол: “Жоқ”, — деп жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Ал сен алпыс кедейді тамақтандыра аласың ба?”, — деп сұрақ қойды. Ол: “Жоқ”, — деп тағы да жауап қайтарады».

Абу Һурайра сөзін жалғастырып, былай дейді: «Бұдан кейін Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біраз үнсіз қалды, әрі біз осындай жағдайда отырғанымызда Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрмаға толған, үлкен кәрзеңке келтірілді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Сұрақ қойған кісі қайда?”, — деп сұрайды. Ол: “Мен осындамын”, — дейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: “Мынаны ал да, садақа ретінде тарат!” – деді. Сонда әлгі кісі: “Уа, Аллаһтың елшісі, мен бұны өзімнен де кедей адамдарға таратуым қажет пе? Аллаһпен ант етемін, Мәдина төңірегінде менің отбасымнан кедей отбасы жоқ!”, — деді. Сол кезде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тістері көрінгенше күле бастады да, сосын: “Онда онымен өз үй ішіңді тамақтандыр”, — деді» ( әл-Бухари 1936, Муслим 2/781).

Хадистің басқа нұсқасында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған былай деп айтқаны хабарланады: «Мынаны отбасыңмен бірге же. Осы күнді өте де, Аллаһтан кешірім тіле» (Әбу Дауд 2393, Ибн Хузайма 1954).

Шейхул Ислам ибн Таймийя осы қосымшаны әлсіз деп санаған, алайда хадистің сенімділігін имам ән-Науауи, хафиз Ибн Хәжар, шейх Сыддық Хасан Хан, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз: “Ируә әл-ғалил” 4/91).

Осы хадистен Рамазан айындағы ораза кезінде күндіз жыныстық қатынасқа әдейі барған адам сол күнді толықтыруы және сонымен қатар өтем ақы істерін де жасауы керек.

Өтем ақы істері – бұл бір құлды босату. Егер адамның мұндай мүмкіншілігі болмаса, онда ол екі ай бойы үзбей ораза ұстауы керек. Ал егер де ол екі айлық оразасын орынсыз себептермен үзетін болса, күн санағын басынан бастау керек. Егер ол мұны да орындауға шамасы жетпесе, онда алпыс кедейді тамақтандыруы қажет. Ал егер ол кедей болып, алпыс кедейді тамақтандыра алмаса, онда ол өтем ақы істерден оларды орындай алатындай мүмкіншілік пайда болмайынша босатылады (Қараңыз: “Итхафул-Кирам” 190).

Хадисте аталған ретті сақтаудың қажеттілігі ғалымдардың басым бөлігін пікірі болып табылады (Қараңыз: “Бидаятул-мужтаһид” 1/451, “Фатхул-Бәри” 4/198).

Егер де адам бір күн ішінде бірнеше рет жыныстық қатынас жасаған болса, онда барлық ғалымдардың айтуы бойынша, ол бәрі-бір бір өтем ақыны ғана орындайды. Алайда, егер ол жыныстық қарым-қатынасты бөлек күндерде жасаған болса, онда ол сонша өтем ақы істерін орындайды (Қараңыз: «әл-Мәжму’» 6/370).

Әйел кісі ерімен бірге өтем ақыны орындайды ма?

Егер ер адам өз әйелімен оның қалауынсыз жыныстық қатынас жасаған болса, ол өтем ақы істерін орындауға тиісті емес, бұл туралы Ибн Ақил айтқан. Ибн Таймийя «бұл оның оразасын мүлдем құнсыз етпейді» деген пікірді ұстанған. Алайда, егер әйел кісі бұған қарсы болмаған болса, онда ғалымдардың пікірлері әртүрлі болған: біреулері оның ешнәрсе істеуге тиісті емес екендігін, өйткені хадисте Пайғамбар (оған Аллаөтың игілігі мен сәлемі болсын) сол сахабаның әйеліне де осыны бұйырғандығы туралы айтылмағандығын айтса, басқалары ол да өтем ақы істерін орындауға тиісті екенін айтқан. Қз.: “әл-Муғни” 3/27.

О бастан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жалғыз немесе жүз адамға, ерге немесе әйелге айтылған кез-келген бұйрығы баршаға қатысты болады, тек егер нақты дәлел қандай да ерекшелеу жасамаса!

Күйеуі өзін ұстай алмайтынын білетін әйел өзін одан алыстау ұстауы және күндіз сәнделмеуі қажет.

Рамазан айында күндіз әдейі ішіп-жеген адам өтем ақы орындауы керек пе?

Рамазан айында күндіз еш себепсіз тамақтану, ол күннің өтем ақысын орындауды талап етпейді. Оның жасаған күнәсі соншалықты ауыр, оған өтем ақы пайда бермейді. Ондай кісі тек шын ықыласпен тәубе етуі ғана керек. Ал күндіз әдейілеп тамақтанған адамға екі ай бойы үзбей ораза ұстауды міндеттеген имамдарға келер болсақ, онда олар Рамазан айында күндіз әйелімен жақындасқан адам туралы хадиске жасаған қиястарынан (ұқсастық бойынша теңеуден) басқа Құранда да, Сүннетте де оған бірде-бір дәлел жоқ. Алайда өтем ақы мәселелерінде қияс жасау орынсыз болып табылады. Имам әл-Бағауи былай деп айтқан: «Оразаның жыныстық қатынаспен бұзылуы мен оның басқа себептермен бұзылуы арасында ұқсастық бойынша теңеу жасауға болмайды. Өйткені шариғат тек жыныстық қатынас үшін ғана өтем ақы орындауға нұсқаған!» (Қараңыз: “әл-Мухаррир” 1/229).

Ораза кезінде әдейі тамақтанған адам оразасын өтемейді деген пікірді Әбу Бакр, `Умар, Усман, `Али, Ибн Мас’уд және Абу Һурайра сияқты сахабалар ұстанған (Қараңыз: “әл-Мухаллә” 6/180).

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай деген: «Кім әдейілеп оразасын бұзса немесе намазын өткізіп алса, оларды толықтыра алмайды» (“Ихтияратул-фиқһия” 65).

Рамазан айында күндіз ұмытшақтықпен немесе білімсіздікпен тамақтанған немесе жыныстық қатынасқа барған адам оразасын өтеу керек пе?

Ғалымдардың басым бөлігі, солардың арасында төрт имам да бар: ««Әлі таң атпады» деп ойлап, немесе «күн батып кетті» деп пайымдап, оразаны бұзатын нәрсе жасаған адам сол күнді қайта толықтыруы керек», — деп есептейді (“Фатхул-Бәри” 4/244).

Алайда «ондай күнді қайта толықтырудың қажеті жоқ» деген пікір дұрысырақ болып табылады!

Әсма бинт Әбу Бакр былай деп айтқан: «Бірде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде, біз бұлыңғыр (бұлтты) күні ауыз ашқан едік, содан соң күн шығып келді» (әл-Бухари 1959).

Ибн Хузайма: «Бұл хабарда «оларға сол күнді қайта өтеуге әмір етілді» деген нұсқау жоқ!», — деген (қараңыз: “Сахих Ибн Хузайма” 4/200).

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай деп айтқан: «Егер де Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға сол күнді қайта толықтыруды бұйырғанда, ол бізге парыз болатың еді» (қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/231).

Имам Ибн Хазм былай деген: «Түн болды деп ойлап тамақтанған, немесе күн батты деп есептеп әйелімен жақындасқан, немесе қателесіп күндіз су ішіп қойған адамның оразасы бұзылмайды, өйткені ол оразаның уақыты аяқталды деп ойлаған. Әрі осы нәрседе ұмытқан немесе қателескен адамның арасында еш айырмашылық жоқ. Бұл қияс (салыстыру) емес. Аллаһ Тағала былай деген: Егер қателік жасасаңдар, әрі оны жасауды жүректеріңмен қаламаған болсаңдар, онда қате жасағандарың үшін сендерге күнә болмайды. Аллаһ – Кешірімді, Мейірімді!” («әл-Әхзаб» сүресі, 5-аят).

Сондай-ақ Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: “Расында, Аллаһ мен үшін үмметіме олардың қателесіп, ұмытып және де мәжбүрлі күйде істеген нәрселерін кешіреді(Ибн Мәжаһ 2045, әл-Бәйһақи 7/356, әт-Тахауи 2/56. Хадис сахих). Бұл сәләфтарымыздың көпшілігі ұстанған пікір. Зәйд ибн Уаһб былай деп айтқан: “`Умар ибн әл-Хаттабтың кезінде адамдар уақытынан бұрын ауыздарын ашып қойды. Содан соң күн де шықты. Сол кезде олар: “Біз осы күнді қайта толықтыруымыз қажет”, — деді. Бұған `Умар былай жауап қайтарды: “Не үшін?! Аллаһпен ант етемін, біз күнә жасауды қалаған жоқпыз ғой!”. Сондай-ақ әш-Шу`ба, әл-Хаким ибн `Утайбадан әлі түн шығар деп пайымдап, күн шыққан соң сәресін ішкен кісі туралы сұрағанын айтқан. Бұған ол: “Оразасын жалғастыра берсін”, — деді» (Қараңыз: “әл-Мухаллә” 6/331).

Ибн Хазмның «әл-Мухаллә» кітабына шарх (түсіндірме) жасаған шейх Ахмад Шәкир, оның айтқан барлық сөздерімен толық келісті.

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай дейтін: “«Осындай жағдайларда ораза бұзылмайды», — деп есептейтіндер олардың дәлелдері күштірек екендігін айтады! Кұран мен Сүннеттің дәлелдері біздің пікірімізге жақынырақ, өйткені Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Раббымыз, егер біз ұмытсақ немесе қателессек, бізді жазаға бұйырма!»  Сеніміді хадисте сахабалар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде уақыттан бұрын ауыз ашып жібергені туралы хабарланады, бірақ хадисте оларға осы күнді қайта толықтыру бұйырылғандығы туралы айтылмайды. Хадистің жеткізушісі Хишам ибн Уруа: «Орнын толықтыру міндетті!», — деп айтатын. Алайда оның әкесі одан білімдірек болатын әрі: «Олар орнын толықтырмайды», — деп айтатын. Сондай-ақ әл-Бухари мен Муслимнің жинақтарында кейбір сахабалар ақ жіпті қара жіптен ажырата алмайынша тамақтана беретіндігі туралы хадис келтіріледі. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Сөз күннің ағы және түннің қарасы туралы болуда!», — деп айтты. Әрі ол оларға осы күнді қайта өтеуді бұйырғаны белгісіз. Бұл адамдар заң ережелері туралы білмейтін және сол үшін қателесушілерден болды. Сондай-ақ Умар ибн әл-Хаттабтан, олар ауыз ашқанда күн шыққандығы және ол: «Біз өтемейміз!», — деп айтқаны, ал хадистің басқа бір нұсқасында ол: «Біз өтейміз!», — деп айтқаны хабарланады. Алайда одан жеткен бірінші хабардың иснады сенімдірек. Сөйтіп, бұл пікір (сахабалардан жеткен) деректермен де, қорытындылармен де күштірек, өйткені ол Құранмен, Сүннетпен және қияспен расталады!” Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 20/572-573.

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя сондай-ақ: “Егер ораза ұстаушы ұмытшақтықпен немесе қателесумен ішіп қойған немесе жыныстық қатынасқа түскен болса, ол өзінің оразасын қайта өтеуге тиісті емес”, — деп айтқан. Қз: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/228.

Білімсіздіктің де үкімі осындай. Шейхул-Ислам ибн Таймийя былай деп айтқан: «Егер ораза ұстаушы адам оразаны бұзатын нәрсені, оның тыйым салынғанын білмей жасаған болса, онда ол ештеңені де өтеуге тиісті емес» (Қараңыз: “әл-Фәтауа әл-кубра” 2/19).

Алайда, егер біреу ораза кезінде қателесіп немесе ұмытып, оны бұзатын себептердің бірін жасайтын болса, оразасын күннің соңына шейін ұстап шығуға міндетті. Мәселен, адам күн батып кеткенінде анық сенімді болып, тамақтанып қойса, онда оның оразасы дұрыс, әрі ол ештеңені өтемеу керек, алайда ол оразасын соңына дейін ұстау қажет (Қараңыз: “Сахих фиқһу-Ссунна” 2/105.).

Сұрақ: «Мен Рамазан айындағы ораза кезінде әйеліммен ойнап-қырындайтын едім, сосын бұл жыныстық-қатынаспен аяқталатын еді. Мен оның тыйым салынғандығын білмедім, әрі «ұрық шашусыз болған жақындасу, оразаны бұзбайды» деген ұғымым бар еді. Менің білімсіздігімді ескере отырып, сұрағыма жауап беруіңізді өтінемін!»

Жауап:

«Рамазан айында әйелімен жақындасқан ораза тұтушы адамның екі жағдайы бар:

1 – оның «Рамазан айындағы ораза кезінде ұрық шашусыз болған жақындасу тыйым салынбаған» деген сенімі бар. Сол үшін ол білімсіздіктен әйелімен қосылады.

2 – ол жыныстық қатынастың тыйым салынғанын біледі, бірақ ол істің жазасынан бейхабар.

Дұрысырақ пікір бойынша, оразаны бұзатын нәрселердің бірін немесе ихрам кезінде (қажылықта) тыйым салынған нәрсені, немесе намазды бұзатын істердің бірін білімсіздікпен жасаған адамға ештеңені (өтем ақыны да, орнын толықтыруды да) істеудің керегі жоқ. Аллаһ Тағала былай деді: «Раббымыз! Біз ұмытсақ, не қателесетін болсақ, бізді жазалама!»(«ән-Ниса» сүресі, 286-аят). Аллаһ бұл дұғаға: «Мен мұны істеп қойдым», — деп жауап берді (Муслим).

Кім (ораза кезінде) әйелімен жыныстық қатынас жасасудың тыйым салынғанын білмей: «Ол тек ұрық шашу кезінде ғана харам болады», — деп ойлап, әйелімен жақындасқан кісі ештеңені жасауға міндетті емес.

Ал екінші жағдай туралы айтар болсақ, онда егер адам Рамазан айында күндіз жыныстық қатынасқа барудың тыйым салынғанын білген болса, бірақ оның өтем ақысы (кәффара) бар екенін білмесе, онда ол өтем ақы істерін орындауға міндетті. Өйткені үкімді (хукм) білмеу мен жазасын (`уқуба) білмеудің арасында айырмашылық бар. Жазаны білмегені үшін, адамның мойнынан жауапкершілігі түспейді, бірақ үкімі жайында білмеген адамға істегені кешіріледі. Сондықтан ғалымдар былай деген: “Егер адам мас қылатын бір сусынды ішсе, бірақ оның мас қылатынын немесе оның тыйым салынғанын білмесе, ол күнә алмайды. Ал егер ол оның мас қылатынын әрі тыйым салынғанын білген болса, бірақ бұның жазасынан бейхабар болса, онда ол жазаланады, әрі жаза мойнынан түспейді”.

Осыған сүйеніп, біз сұрақ қоюшыға былай жауап береміз: егер сен ұрық шашусыз жақындасудың тыйым салынғанын білмеген болсаң, онда ештеңе істеуің керек емес. Сол сияқты, әйеліңе де, егер ол да бұл туралы білмеген болса, ештеңе міндетті емес» (Шейх ибн `Усайминнің жауабы).

Ниетін таң атқан соң ғана бекіткен адам оразасын қайта толықтыруы керек пе?

Бұндай адамдардың қатарына: рамазанның келгені туралы күндіз ғана білген кісі; немесе Рамазан айында күндіз Ислам қабылдаған адам; немесе рамазанда ержету белгілері пайда болған бала; немесе рамазанда ақылы қайта оралған есі ауысқан адам жатуы мүмкін. Осы адамдар күннің қалған бөлігінде ораза тұтып шығулары қажет. Ал олардың оразаны қайта толықтырулары жайында, ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар.

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай деп айтқан: «Егер адам оразаның парыз екенін түнде білмеген болса, онда таң атқан соң бекітілген ниетпен парыз оразасын тұту дұрыс болып есептеледі. Ол қалған күн бөлігінде ораза тұтуы керек әрі оны өтеуге міндетті емес, тіпті осыған дейін тамақтанған болса да» (қараңыз: “Ихтияратул-фиқһия” 4/63).

Бұл мәселеде шейхул-Исламды Ибн әл-Қайим, имам әш-Шәукәни және шейх әл-Әлбани қолдаған.

Әйелдердің еттекірі немесе туғаннан кейінгі қаны келуі себебімен, оразаны қайта толықтыруы

Рамазан айындағы ораза күндерін өткізіп алған еттеккірі немесе босанғаннан кейін қаны келген әйел оларды қайта толықтыруы қажет, әрі бұдан басқа оның өтем ақысы жоқ. `Айша былай деді: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде бізге еттеккіріміз келгенде оразаны қайта толықтыру әмір етілген еді де, намазды толықтыру міндет етілмеді» (Муслим 1/265).

Науқас пен жолаушының оразаны қайта толықтырулары

Аллаһ Тағала былай деді: «Ал егер біреу науқастанса немесе сапарда болса, онда сонша күн басқа уақыттары ораза ұстасын» («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

Ескерту

Демек орынды себеппен ораза ұстамаған кез-келген адам мүмкіншілігі пайда болған уақытта оны өтеуге тиіс. Аллаһ Тағала: «…онда сонша күн басқа уақыттарда ораза ұстасын», — деді («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

Өткізіп алған ораза күндерінлезде өтеу керек пе?

`Айша былай деп баяндайтын: «Менің мойнымда рамазан айының (өтеуге тиіс) оразасы болғанда мен оны Ша`бан айынан басқа айда өтей алмадым» (әл-Бухари 1950, Муслим 1146).

Хафиз ибн Хәжар былай деген: «Бұл хадисте жіберіп алған ораза күндерін өтеуді себеппен не себепсіз болсын кешіктірудің рұқсат етілгеніне нұсқау бар» (Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/191).

Алайда жіберіп алған ораза күндерін өтеуге асығу әрі Аллаһ Тағаланың әмірлеріне немқұрайлық танытпау абзал. Ал жіберіп алған оразаны толықтыруға асықпау Аллаһтың заңына қатысты немқұрайлық танытуға нұсқайды.

Ал `Айшаның Ша`баннан бұрын оразасын өтемегені жайлы айтар болсақ, онда, имам әз-Зәйн ибн Мунайир айтқандай, бұның себебі оның қолы бос болмаушылығында еді. Әрі еш себепсіз оразаны өтеуді кешіктіру Аллаһ Тағаланың «Тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі аспандар мен жерге тең Жәннатқа және Раббыларыңның кешіріміне асығыңдар!» деген әміріне қайшы келеді («Әли `Имран» сүресі, 133-аят).

Және де Аллаһ ізгі амалдарды істеуге асығатын адамдарды мақтап, былай деді: «Олар ізгі амалдарды жасауға асығады да, онда басқаларды озады» («әл-Муминун» сүресі, 61-аят).

Жіберіп алған ораза күндерінің арасын үзбей өтеу міндетті болып табылады ма?

Ораза күндерінің арасын үзбей толықтыру міндетті емес. Аллаһ Тағала өтеу туралы айтып: «…онда сонша күн басқа уақыттары ораза тұтсын», — деді де, бірақ ретті атап кеткен жоқ, әрі бұған ешқандай уақыт орнатпады. Ибн `Аббас былай деді: «Оразаны қатарынан емес өтеудің ешқандай айыбы жоқ» (Абдур-Раззақ 4/43, әд-Дәрақутни 2/192. Иснәді сахих).

Әнас та: «Егер қаласаң, оразаңды арасын үзбей өте, ал егер қаламасаң, қатарынан емес толықтыра бер», — деген (Ибн Әби Шәйба 9115. Иснады сахих).

Алайда, егер адамның еш себебі болмаса, онда ол оразаны лезде әрі арасын үзбей тұтқаны жөн (“Тамамул-минна” 422-423).

Жіберіп алған оразасын келесі Рамазанға дейін толықтыруға үлгермеген кісі өтем ақы орындауы керек пе?

Рамазан айының кейбір күндерін орынды себептермен жіберіп алған адам оларды келесі Рамазаның келуінен бұрын толықтырып болуы керек.

Егер де ол жіберіп алған күндерін келесі Рамазан келгенге дейін орынды себептерсіз өтемеген болса, онда өз міндеттеріне салғырт қарандығы үшін сөгіске лайық болады.

Ал енді «ол өтем ақы істерін орындау керек пе, жоқ па, немесе тек жіберіп алған ораза күндерін толықтыру ғана керек пе?» деген мәселеге келер болсақ, онда ғалымдар арасында бұл туралы екі пікір бар.

Бірінші пікір бойынша, белгілі себептермен жіберіп алған ораза күндерін толықтыру керек. Әрі ешқандай өтем ақы істерін орындамаса да болады. Өйткені, оған Құранда да, Сүннетте де ешқандай нұсқау жоқ. Екінші пікір бойынша, бұндай адам жіберіп алған ораза күндерін толықтырып, әрбір өтелмеген оразасы үшін бір кедейді тамақтандыруы керек. Бұл пікірді кейбір сахабалар да ұстанған.

Мойнында Рамазан айның өтелмеген күндері бар, бірақ оларды келесі Рамазанға дейін толықтырмаған адам туралы Абу Һурайраның былай деп айтқаны хабарланады: «Ол келген Рамазанда ораза ұстайды да, жіберіп алған айын толықтырады, әрі әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады!» (әл-Бәйһақи 4/253. Шейх әл-Әлбани иснадын сахих деп атаған).

Дәл осыны Ибн `Умар және Ибн `Аббас айтқан (`Абдур-Раззақ 4/235, 237, әл-Бәйһақи 4/235).

Егер «келесі Рамазанға дейін оразасын өтеуді үлгермей қалған адам кедейді тамақтандырмау керек» деген пікірді ұстанатын жақ, бұл мәселеде сахабалардың пікірін дәлел ретінде келтірмесе, онда біз екінші пікірді құптаймыз. Себебі, адамдардың ішінде дінді ең жақсы түсінгендер сахабалар болып табылады. Ал сахабалардың арасында келіспеушілік болмаған жағдайда, олардың пікірі мықты дәйек болып есептеледі.

Қайтыс болған адам үшін оның оразасын өтеу керек пе?

‘Аишадан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Әрі ораза ұстауға тиісті болған адам үшін оның жақындарының (уәлиінің) бірі ораза ұстасын» әл-Бухари 1952, Муслим 2/789.

Ғалымдардың басым бөлігі Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл бұйрығы міндетті болып табылмайды деп есептейді.

Сондай-ақ Ибн ‘Аббастан бір кісі Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің анам бір айы бойы ораза ұстауға тиісті еді, алайда ол қайтыс болды. Мен ол үшін ораза ұстауым керек пе?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия», — деп жауап берді де: «Өйткені Аллаһқа деген қарыз төленуге бәрінен лайықтырақ», — деп жалғастырды.

Бұл хадистер егер ораза ұстауға тиісті мұсылман адам қайтыс болса, онда оның жақындарының бірі ол үшін ораза ұстауы керектігіне нұсқайды.   Алайда бұл хадисті түсінуде ғалымдардың пікірі бірікпеді. Олардың бір бөлігі: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы жалпы болып табылады әрі парыз оразаның кез-келген түрін ұстау қажет», — деп есептеді, ал басқа ғалымдар: «Сөз тек нәзір етілген ораза турасында болуда», — деп санады. Бұл пікірдің жақтаушылары: «Рамазанның әрбір қаза болған күні үшін бір кедейді тамақтандыру керек, ал қайтыс болған адам үшін тек нәзір етілген оразаны ғана өтеу қажет», — деп есептеген.

Ал бірінші пікірдің жақтаушылары бұл дәлелдердің сендіретіндей еместігін, өйткені олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих хадисіне қарсы тұра алмайтындығын, ал рамазанның қаза болған күні үшін бір кедейді тамақтандыру керектігі туралы нұсқаудың жоқтығын айтқан. Сондықтан да Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы парыз оразаларының барлық түріне қатысты күшке ие. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 4/235-236 және “Субулюс-Саләм” 2/580.

Алайда ең күшті пікір болып екінші, яғни «қайтыс болған адам үшін тек нәзір етілген оразаны ғана өтеу керек» деген пікір табылады, өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрықтарын бізге оның сахабалары түсіндіріп берді, ал олар дінге өздерінен еш нәрсе қоспайтын.

Бірде бір әйел кісі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келгені және апасының (сіңілісінің) бір ай ораза ұстауды нәзір етіп, нәзірін орындай алмай қайтыс болғанын айтады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Апаң (сіңілің) үшін ораза ұста», — деді. Әт-Таялиси 2630. Шейх ал-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Ибн ‘Аббас былай деген: “Егер адам рамазан айында ауырып қалып, ораза ұстамаған болса, кейін қайтыс болса, оның әрбір өткізіп алған күні үшін бір кедейді тамақтандыру қажет және ол үшін ораза ұстау қажет емес. Ал егер ол ораза ұстау туралы нәзір берген болса, онда ол үшін туысқандарының біреуі ораза ұстауға тиісті» Абу Дауд 2401. Иснады сахих.

‘Амраның шешесі қалдырып кеткен ораза күндерін өтемей қайтыс болғанда, ол ‘Аишадан шешесі үшін ораза ұстауға тиісті ме деп сұрады. `Айша оған: «Жоқ, оның қалдырған әрбір күні үшін жарты са` мөлшерінде (тамақ) садақа бер», — деді. Әт-Тахауи 3/143, Ибн Хазм 7/4. Иснады сенімді.

Ибн Умар былай деп айтатын: “Сендерден ешкім басқа біреу үшін ораза ұстамасын, әрі сендерден ешкім өзге біреу үшін намаз оқымасын!» Абдур-Раззақ 16346. Иснады сахих.

Имам Малик былай деген: “Мен сахабалардан немесе таби`индерден немесе Мәдина тұрғындарынан біреу басқа біреу үшін ораза ұстауға немесе намаз оқуға бұйыратынын естімеппін” Қз.: “Насбу-ррая” 2/334.

Бұл пікірді Сүннет имамы Ахмад ибн Ханбал де абзал көрген. Абу Дауд былай деп баяндаған: “Мен имам Ахмадтың: «Қайтыс болған адам үшін оның нәзір еткен оразасынан өзге оразаны өтемеу керек» Қз.: “әл-Мәсаил” 96.

Ибн ал-Қайим былай деп айтқан: “Рамазан айының парыз оразасына қатысты іс намазға қатысты істей. Ешкім басқа біреу үшін намаз оқи алмайды және басқа біреу үшін Исламды қабылдай алмайды, әрі осы нәрсе оразаға да қатысты. Ал нәзір етілген оразаға қатысты айтар болсақ, ол қарыз ретінде қарастырылады, әрі адам туысқаны үшін қарызын өте алатындай, өзінің туысқаны үшін осындай оразаны ұстай алады, әрі мұның барлығы фиқһтың нәзік тұстары” Қз.: “И’ләмул-мууаққи’ин” 3/554.

Алайда қайтыс болған адам үшін оның нәзір еткен оразасын өтеу үшін, әрі осы оған пайда келтіруі үшін, ол мұсылман болуы керек. ‘Амрдың әкесі өмір сүру кезінде жүз түйені құрбан шаламын деп уәде бергені, бірақ нәзірін орындамай қайтыс болғаны туралы хабарланады. Оның баласы ‘Амр Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкесінің орнына өзі құрбан шалса, бұл оған пайда береді ме деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер әкең мүсылман (бірқұдайшыл) болған болса, онда сенің ол үшін жасаған құрбандығын, ол үшін жасаған қажылығың, (ораза мен садақаң) оған пайда келтірер еді», — деп жауап берді. Абу Дауд 2883, ал-Бәйһақи 6/279, екі жақшалардағы сөздер Ахмадтың риуаяты болып табылады 2/182. Хадис хасан.

Ал қайтыс болған адам үшін дәл кім ораза ұстай алатынына қатысты айтар болсақ, онда келтірілген хадистерге сүйенген түрде ол оның кез келген туысқаны болуы мүмкін, ал бірінші хадистегі уәлидің аталғандығының себебі, осы туралы Ибн ал-Қайим айтқанындай, бұл сөздің мағынасы көбірек жинақталған болуында.

Рамазанның ораза ұстамай қалып кеткен күндерін өтеуден бұрын нәпіл ораза ұстауға болады ма?

Рамазанның оразасын өтеуден бұрын нәпіл ораза ұстаудың рұқсат етілгендігіне қатысты үш пікір бар. Біріншісінің мәні – бұл іс рұқсат етілгендігінде, өйткені бұның тыйым салынғандығына ешқандай нұсқау жоқ. Себебі нәпіл ораза рамазан айының оразасымен байланысты емес. Әрі осы — ханафилердің және оны артық көріп: «Кім мойнында рамазанның өтелмеген күндері бола тұра Арафа күнінің немесе Ашура күнінің оразасын ұстаған болса, оның оразасы дұрыс», — деп айтқан шейх Усайминнің пікірі. Қз.: “Фәтауа әс-сыям” 438.

Алайда Ибн Усаймин бұл (үкім) рамазан айынан кейін жалғасатын шәууал айының алты күндік оразасына қатысты емес деп айтқан, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім рамазанда ораза ұстаса, содан соң оған шәууал айында алты күн қосса, бір жыл бойы ораза ұстаған секілді болады». Муслим 1164. Сөйтіп, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шәууалдің оразасының сауабын рамазанмен байланыстырды, әрі кім осы сауапты алғысы келсе, сол алдын рамазанның оразасын өтеуге тиіс. Қз.: «Шархул-мумти’» 6/448.

Рамазан айының оразасын өтеуден бұрын нәпіл ораза ұстауға қатысты екінші пікірдің мәні – бұл рұқсат етілетіндігінде, бірақ құпталмайтын амал болып табылатындығында. Әрі бұл туралы кейбір мәликилер мен шәфи`илер айтатын.

Үшінші пікір: бұл рұқсат етілмейді, әрі адам рамазанның күндерін өтемейінше оның ұстаған нәпіл оразасы қабыл болмайды. Бұл — ханбалилердің өте сирек кездесетін пікірі, әрі олар дәлел ретінде Абу Һурайрадан жеткізілетін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім рамазан айын қарсы алса, әрі оның мойнында өткен Рамазанның өтелмей қалған ораза күндері болса, онда оның оразасы қабыл болмайды! Әрі кім мойнында рамазанның өтелмей қалған ораза күндері бола тұра нәпіл ораза ұстайтын болса, ақиқатында, ол рамазанның оразасын өтемейінше бұл одан қабыл етілмейді!», — деп айқан хадисті келтіреді. Ахмад 8606.

Бұл хадистің сенімділігіне қатысты Ибн Ләхи’а есімді риуатшының себебімен келіспеушіліктер болған. Ғалымдардың ол туралы пікірі қарама-қарсы болған. Олардың арасында оның хадистерін толығымен қайтаратындар болған. Әрі оның кітаптары өртеніп кеткенге дейін жеткізген хадистері қабыл алынатынын, ал одан кейінгілері қабылданбайтынын, өйткені ол осыдан кейін қателесетінін және шатасатынын айтқан ғалымдар да болған.   Оны (хадистері) қабыл етілетін риуатшы деп есептейтіндер бұл хадисті сахих деген, ал олардың арасында хафиз әл-Хайсами, имам әс-Суюты және шейх Ахмад Шакир бар.

Алайда шейх әл-Әлбани бұл хадисті әлсіз деп санаған әрі имамдардың басым бөлігі Ибн Ләхи’аның хадистерін оның кітаптары жанып кеткенге дейін де, одан кейін де қабылдамағандығын айтқан.

Әрі егер осы хадис әлсіз болса, онда ең жақсы пікір болып, шейх Ибн Усаймин қолдаған бірінші пікір табылады. Уа-Ллаһу а’ләм.

You may also like...