Оразаны бұзатын нәрселер

  1. Әдейілеп ішіп-жеу

Аллаһ Тағала: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер. Сосын түнге дейін ораза ұстаңдар», — деген («әл-Бақара» сүресі, 187-аят).

Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Әдейілеп ішіп-жеу оразаны бұзатынында ешқандай келіспеушіліктер жоқ» (“Зәдул-мә’ад” 2/60).

Рамазан айының күндізінде әдейілеп тамақ жеген адам үлкен тәубені талап ететін ұлы күнә жасаған болады. Ғалымдардың басым бөлігі (жумһур) сондай-ақ егер адам тістерінің арасында қалып қалған тамақты әдейілеп жұтып қойса, оның оразасы жарамсыз болатынын айтады.

Имам Ибн Қудама былай деген: «Тістерінің арасында тамақ қалдықтары қалып кеткен адамның жағдайы екі түрге бөлінеді: егер тамақтың кішкентай ғана мардымсыз бөлігі жұтылған болса, әрі оны түкіріп тастауға еш мүмкіндік болмаған болса, онда ораза бұзылмайды, өйткені бұл сілекей сияқты болады. Ибн әл-Мунзирдің айтуынша ғалымдар бұл туралы бір ауызды келісімде болған. Екінші түрі – бұл егер тістің арасында түкіріп тастауға болатын тамақтың үлкен бөлігі қалса. Әрі егер ол оны әдейілеп жұтып қойса, онда ғалымдардың басым бөлігінің пікірі бойынша, оның оразасы бұзылады. Өйткені бұл тамақтанумен бірдей» (“әл-Муғни” 3/260).

Бұған сондай-ақ ағзаға құнарлы (нәрлі) уколдар салу да жатады.

Темекі шегу де оразаны бұзады, бұдан қалса бұл оразаны харам нәрсе арқылы бұзу болып саналады (“Фәтауа исләмийя” 2/183).

2. Рамазан айының күндізінде жыныстық қатынас жасау

Хадисте былай деп айтылған: «Расында, жыныстық қатынас оразаны бұзады» (Ибн Хузайма «Сахих» 3/242).

Кімде-кім рамазан айының оразасы кезінде, екі жыныстық мүше қосылатындай әрі мүшесінің басын әйелінің жыныстық мүшесіне немесе артқы айланшығына кіргізіп, әдейілеп жыныстық қатынас жасаған болса, сол өз оразасын бұзды. Әрі ұрық шашылды ма, әлде жоқ па – мұның айырмашылығы жоқ. Бұндай адам тәубе жасауы, сол күнгі оразасын жалғастыруы, кейін сол күннің қазасын толықтыруы, әрі жасаған күнәсіна ауыр өтеу жасауы тиіс. Рамазан айының күндізінде жыныстық қатынасқа бару оразаны бұзатындығына ғалымдар арасында ешқандай келіспеушілік жоқ (қараңыз: “әд-Дарарул-мудыя” 2/22).

Жыныстық қатынас жасауға деген тыйым күн батқан соң жойылады. Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу хәлал етілді. Өйткені олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер» («әл-Бақара» сүресі, 187-аят).

 3.Әдейілеп құсу

Абу Һурайрадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Егер құсық еріксіз шыққан болса, онда оразаны өтемеу керек. Ал егер құсық әдейі шығарылса, онда оразаның қазасын өтеу керек» (Ахмад 2/498, Әбу Дауд 2380. Имам ән-Науауи, шейхул-Ислам Ибн Таймийя және шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).

Егер адам құсығын әдейі келтірген болса, ол тәубе етуді қажет ететін күнә да жасаған болады.

Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: «Құсығын әдейілеп келтірген адам оразасын бұзып алғанына ғалымдар бір ауыздан келіскен» (қараңыз: «әл-Ижма’» 47).

 4.Етеккір (хайз) және босанғаннан кейінгі келетін қан (нифас)

Егер ораза кезінде әйел кісінің етеккірі (хайз) келсе немесе туғаннан кейінгі қансырауы (нифас) басталса, онда ол оразасын тоқтатуға міндетті. Мұндай жағдайда ораза ұстауға тыйым салынғандығына және ораза жарамсыз екеніне ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ (қараңыз: “Сахих фиқһу-Сунна” 2/105).

Егер әйел кісі етеккірі ертен келіп қалады-ау деп болжамдайтын болса, онда ол ниетін сақтай отырып, оразасын жалғастыра беруі қажет. Ол етеккірі басталмайынша оразасын үзбеуге тиіс.

Еттеккірдің басталуына бөгет болатын дәрілерді қабылдауға болады ма?

Ибн `Умардан етеккірін келтірмейтін дәрі қабылдағысы келетін әйел жайында сұрағанда, ол бұда ешқандай айыпты істі көрмейтінін айтты (`Абдур-Раззақ 1219). Дәл осылай деп Ибн Әби Нажих те жауап берген (`Абдур-Раззақ 1220).

Алайда мұндай дәрілер денсаулыққа зиян тигізетін болса, онда оларды қабылдауға болмайды! Әрі жиі жағдайда мұндай дәрі-дәрмектерден кейін әйелдердің етеккір циклі бұзылады.

5.Оразаны бұзуға ниет ету.

Ауызын ашуға ниет еткен адамның оразасы тамақ ішкен-ішпегеніне қарамастан бұзылады, себебі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке қарай бағаланады», — деген. (Қараңыз: “әл-Мухаллә” 6/175, “әл-Муғни” 3/25, «әл-Мажму’» 6/314).

Алайда бұл мәселеде ғалымдардың бір ауызды келіскен пікірі жоқ. Басқа ғалымдардың айтуы бойынша, егер адам орынды себептермен, мысалы сапарға шыққысы келіп, бір күн ішінде оразасын тоқтатуға ниеттенген болса, бірақ кейін райынан қайтқан болса, онда оның оразасы дұрыс болып есептеледі. Ол намазда бір нәрсені айтқысы келіп, бірақ оны істемеген адам іспеттес болады.

Алайда, қатеге ұрынбау және келіспеушіліктен шығу үшін кейінірек оразаны өтеген дұрыс. Өйткені, шейх `Абдур-Рахман әс-Са`ди айтқандай, ниет барлық кұлшылықтардың негізі болып табылады, әрі ол бұзылса – құлшылық та бұзылады!

 6.Діннен шығу (ридда).

Діннен шығу басқа кез-келген істі зая ететініндей, оразаны да зая ететініне ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ (қараңыз: “әл-Муғни” 3/25).

Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, саған да, сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаһқа ортақ қоссаң, әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың», — деп уахи етілді» («әз-Зүмәр» сүресі, 65-аят).

Share

You may also like...