Рамазан айының басталуы мен аяқталуы қалай анықталады?

Рамазанның келуі екі тәсілмен анықталады:

1. Аспанда рамазан айын көру арқылы.

Егер жаңа туған ай ша`бан айының жиырма тоғызынан отызына қараған түні байқалған болса, онда бұл Рамазан айының басталғанын білдіреді. Ол айдың әрбір күнінде ораза ораза ұстау керек, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Сендерден кім осы айда болса, ораза ұстасын!» («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

2. Оған дейінгі ша`бан айының аяқталуын анықтау арқылы.

Егер ша`банның отыз күні өтіп кеткен болса, онда отыз бірінші күн міндетті түрде Рамазанның алғашқы күніне сай келеді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар, және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар. Ал егер ол (бұлттылықтың себебімен) сендерге көрінбесе, онда одан алдынғы айды (ша`банды) отыз күнмен аяқтаңдар» (әл-Бухари 1909, Муслим 1081).

Рамазанның басталуы мен аяқталуын бекіту үшін неше мұсылманның куәлігі қажет?

Рамазанның жаңа айы көрінгенін бекіту үшін бір ізгі мұсылманның куәлігі қажет. Ибн `Умар былай деп баяндайтын: «Адамдар жаңа туған айды көруге тырысып жатқан, ал мен болсам Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны көргенімді хабарладым. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстауға шешім қабылдады да, басқаларға да соны бұйырды» (Әбу Дауд 2342, әд-Дәрими 1691, әл-Хаким 1/423. Хадистің сенімділігін Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким, Ибн Хазм, әз-Зәһаби, әл-Мунзири, ән-Науауи, Ибн Хәжар, әл-Әлбани секілді имамдар растаған).

Ал рамазан айының аяқталуы мен шәууалдің жаңа айын көру туралы айтар болсақ, онда оны бекіту үшін ізгі мұсылмандардан екі куәлік керек. `Абдур-Рахман ибн Зәйд ибн әл-Хаттаб рамазанның басталуына қатысты күмән туған күні жасаған құтпасында былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының арасында отырдым және олардан ораза туралы сұрастырдым. Олар маған Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын хабарлады: “Жаңа туған айды көріп ораза ұстаңдар және оны көріп ауыздарыңды ашыңдар, әрі діни рәсімдеріңді атқара беріңдер. Ал егер сендерге ай көрінбесе, онда (алдынғы айдан) отыз күнін санап шығарыңдар. Әрі ізгі мұсылмандардан екі куәгер куәлік берсе, ораза тұтыңдар және ауыздарыңды ашыңдар» (Ахмад 4/321, ән-Нәсаи 1/300, әд-Дәрақутни 232. Хадис сахих. Қараңыз: “Ируа әл-ғалил” 909).

Осылайша адамдар айды көрген екі мұсылманның куәлігімен оразаны бастаулары және аяқтаулары керек екені бізге түсінікті болды, бірақ Ибн `Умардың оразаның басталуы туралы хадисі бұған ерекшелеу енгізеді де, оразаны бастау үшін бір адамның куәлігін жеткілікті етеді. Ал оразаның аяқталуы жайында айтар болсақ, бізде бір куәгермен шектелудің рұқсат етілгеніне ешқандай дәлелдер жоқ (қараңыз: “Тухфатул-ахуази” 3/374).

Айды көрген ел ғана ораза ұстайды ма, әлде барлық елдер ме?

Бұл мәселеде ғалымдар арасында үлкен келіспеушілік бар. Олардың кейбірі жаңа туған айды көрудің негізінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық мұсылмандар ораза ұстауы қажет деп есептейді. Басқалары жаңа айды көрген ел ғана ораза ұстайды деп санайды. Ал үшіншілері географиялық орналасауы ортақ елдердің барлығы ораза устауы керек деген пікірді ұстанады. Осы орайда ғалымдардың барлығы бір хадистерге сүйенген, бірақ оларды түсінуде келіспеушілікке түскен.

Алайда бұл мәселеде «егер ай белгілі мекенде пайда болса, онда онымен түндері ортақ мекендердің барлығына ораза парыз етіледі, өйткені жаңа айдың тууы географиялық жағдайдаға байланысты әртүрлі болады» деген пікір ең жақсы пікір болып табылады. Мысалы, Азиядағы жаңа айдың тууы оның Еуропадағы тууынан өзгешеленеді, ал оның Африкада тууы Америкада тууынан өзгеше. Әрбір аймақта немесе елде тұрғындардың өздері оразаның басталуын анықтайды. Бұл ханафилердің, шәфи`илердің, ханбалилердің және кейбір мәликилердің пікірі болып табылады. Сондай-ақ бұл пікірді шейхул-Ислам Ибн Таймийя да абзал көрген (“әл-Қауанинул-фиқһия” 103).

Оразаны өз елінің мұсылмандарымен бірге бастап, олармен бірге аяқтау керек

Абу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Барша ораза тұтқанда ораза тұтыңдар және барша ауыз ашқанда ауыз ашыңдар, әрі құрбан шалуды да барша орындайтын кезде орындаңдар» (әт-Тирмизи 697, Ибн Мәжаһ 1660. Хадистің сенімділігін имам Әбу Иса әт-Тирмизи, имам Ибн Муфлих, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған).

Осы хадисте «жаңа айды көрген адам, егер имам (билеуші) оның куәлігін қабылдамаса, өзі ораза тұта беруі керек» деп есептейтіндерге қарсы дәлел бар. Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи былай деген: «Кейбір ғалымдар айтқандай, бұл хадис жәма`атпен (қауыммен) және адамдардың көпшілігімен бірге ораза тұтып, олармен бірге ауыз ашу керектігін білдіреді» (қараңыз: «әл-Жәми’» 3/311).

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай деген: «Адам айды көрсе де, жалғыз өзі ораза ұстамауы және оразасын аяқтамауы керек. Ол, бұған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі нұсқағандай, адамдармен бірге ораза ұстап, (адамдармен бірге) оны аяқтауға тиісті» (Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/114).

Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Бұл хадисте «Астрономиялық есептер арқылы айдың орналасуын білетін адамға, тіпті егер басқалар мұны білмесе де, ораза тұтып, ауыз ашуға болады» дейтін кісілерге қарсы дәлел бар. Сол сияқты: «Егер адам айды көрсе, бірақ қазы (шариғат соты) оның куәлігін қабыл етпесе, онда ол жалғыз өзі ораза ұстауына болмайды», — деп айтылған» (қараңыз: “Тахһзибу-с-Сунан” 3/214).

Имам әс-Сән`ани былай деген: «Бұл хадисте айт күндерін анықтауда адамдармен келісімде болу керектігі және айды көріп әрі айт басталды деп санайтын жеке адам, жұртпен келісімде болуға міндетті екеніне дәлел бар. Айт намаздарға, оразаның аяқталуына және құрбандық шалуға қатысты адамдардың біртұтастығы – жеке адамға уәжіп (міндетті) болып табылады» (“Субулю-с-Сәләм” 2/72).

Бұл пікір сахабалардың амалдарымен де расталады. Масруқ былай деген: «Мен `Айшаға `Арафа күні бардым, сонда ол: “Маcруққа ботқа беріндер, әрі оны тәттірек жасаңдар”, — деді». (Сонда) Масруқ: “Бүгін Құрбан Айт күні деп қауіптенбесем, басқа ештеңе мені осы күні ораза тұтудан тыймайтын еді”. Бұған `Айша: “Құрбан Айт күні — барлық адамдар құрбандық шалғанда, әрі Ораза Айт күні де — барлық адамдар ауыз ашқанда (болады)!”, — деп жауап берді» (әл-Бәйһақи. Иснады хасан. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 1/442).

Осы дәйектердің негізінде ислам елдерінде тұрып, өз халықтарымен бірге ораза ұстамайтындардың істері қате екендігі айқын болады. Яғни егер, мысалыға, Сауд Арабиясында рамазан айның келуі анықталды, ал Мысырда немесе басқа ислам еліндегі мұсылмандар айды әлі көрмеді делік. Бұндай жағдайда осы елдің тұрғынына Сауд Арабиясымен бірге ораза ұстауына болмайды, өйткені бұл әрекет Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Барша ораза тұтқанда ораза тұтыңдар және барша ауыз ашқанда ауыз ашыңдар, әрі құрбан шалуды да барша орындайтын кезде орындаңдар»», — деген әміріне қайшы келеді.

Share

You may also like...