Рамазан айында игі амалдар мен жаман істер еселенеді ме?

Иә, игі және жаман істер олар істелетін уақыттың немесе орынның артықшылығына байланысты еселенеді. Бірақ игі істердің еселенуі мен жаман істердің еселенуінің арасында келесідей айырмашылықтар бар:

— Игі істер саны бойынша да (істелген бір игі іске Аллаһ он және одан да көбірек осындай іс жазады), сауабы бойынша да еселенеді.

— Жаман істердің еселенуі туралы сөз болғанда, күнәнің ауырлық дәрежесінің өсуі және осындай күнә үшін берілетін жаза ауырлау болатыны меңзеледі, ал олардың санына келер болсақ, әрбір жаман іс бір ғана іс болып жазылады.

«Маталиб ули ән-Нухада» 2/385 былай деп айтылған: “Игі және жаман істер Мекке, Мәдина, Иерусалим сияқты ерекше артықшылыққа ие жерлерде еселенеді. Олар сондай-ақ уақыттың артықшылықтарына байланысты, мысалы, жұма күні, харам айларда және Рамазанда еселенеді. Игі істердің еселенуіне келер болсақ, бұл туралы келіспеушіліктер жоқ. Ал жаман істердің еселенуіне байланысты ғалымдар түрлі пікірде болған, әрі олардың кейбіреулері   Ибн ‘Аббас пен Ибн Мәс’удтың (Аллаһ оларға разы болсын) пікіріне ілесіп: «Жаман істер де еселенеді», — деп айтқан. Бірақ кейбір зерттеушілер оларға кері пікір білдіріп: “Олар (Ибн ‘Аббас және Ибн Мас’уд) жаман істердің санының еселенуін емес, күнәнің ауырлық дәрежесінің және оның жазасының ауырлығының еселенетінін меңзеген”, — деп айтқан болатын”.

Шейх Ибн Базға (Аллаһ оған рахым етсін) “Мұсылман адам ораза (ұстау) арқылы кіші әрі үлкен күналарының кешірілуіне қол жеткізеді ме? Рамазандағы күнәлар еселенеді ме?” деген сұрақ қойылған еді.

Шейх былай деп жауап берді: “Мұсылман адам үшін басқа кез келген уақыттардағыдай Рамазанда да әркез жамандықты бұйыратын өз нәпсісімен күресу әмір етілген.   (Яғни) ол тынышталған, игілікті бұйыратын және кез келген игілікке ұмтылатын нәпсі болмайынша онымен күресу (керек).

Адам Аллаһтың дұшпаны – ібілістің кесірінен және азғыруынан сақтануы үшін, онымен күресуі керек. Мұсылман адам бұл өткінші (фәни) дүниеде өз нәпсімен, өз әуес-қалауларымен және шайтанмен үлкен күресте үнемі бола беруін тоқтатпайды. Сондықтан да адам Аллаһ Тағаланың алдында көбірек тәубе етуі және әркез Одан кешірім сұрап, жалбарынуы қажет. Бірақ уақыттар өздерінің артықшылықтарына байланысты әртүрлі болады. Мысалы, Рамазан айы – жылдың ең жақсы айы болып табылады. Бұл кешірім, мейірім және пенделерді Оттан азат ету айы. Егер орын мен уақыт ардақты болса, онда оларда істелетін игі істер еселенеді, ал жаман істерге жазылатын күнә одан сайын ауыр болады. Ал Рамазан жоғары мәртебеге мен артықшылыққа ие болғандықтан, Рамазанда істелетін күнәның ауырлығы сол күнәның басқа кезде істелуінен едәуір ауырлау болады, тура сол сияқты Рамазан айында Аллаһқа ұнамды істер үшін берілетін сауап та басқа кезде істелген сол амалдар үшін берілетін сауаптан артығырақ.    

Сондықтан да мұсылман адам осы құт-берекелі айдан пайдаланып қалуы керек және оның барысында барынша көп Аллаһқа ұнамды амалдар жасауы, әрі жаман істерді тастауы қажет, бәлкім Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ оны рахымына бөлеп, амалдарын қабыл етер және оған туралықты[1] ұстануды нәсіп етер.

Бірақ, айтылылып өткендей, әрбір жаман іс барлық кезде бір іс болып жазылады, әрі ол Рамазанда да, басқа кезде де саны бойынша еселенбейді. Ал игі іске келер болсақ, онда әрбір игі іс үшін сол сияқты он және одан да көбірек іс жазылады, бұл туралы Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ былай деп айтқандай: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де, олар зұлымдыққа ұшыратылмайды»(әл-Ән`ам 6:160). Әрі бұл тақырыпқа байланысты аяттар өте көп.

Тура осы ерекше артықшылыққа ие екі ардақты және қасиетті жерге де (Мекке мен Мәдинаға) қатысты. Осы аймақтарда жасалған игі амалдар саны бойынша да, берілетін сауабы бойынша да еселенеді. Ал оларда жасалған жаман істер саны бойынша көбеймейді, бірақ, бұл жоғарыда айтылғандай, күнәның ауырлығы және оған берілетін жаза көбейе түседі. Әрі тек Аллаһ қана көмек беруші” Қз.: «Мәжму’ Фәтауа уа Мәқалат Мутанаууи’а» 15/446.

Шейх Ибн ‘Усаймин (Аллаһ оны рақым етсін) былай деген: “Игі және жаман амал олар жасалатын орын мен уақыттың артықшылығына байланысты еселенеді. Игі іс саны бойынша да, сауабы бойынша да еселенеді, ал жаман іс тек күнәсының ауырлығы және оған берілетін жаза бойынша көбейеді де, (бірақ) саны бойынша еселенбейді. Өйткені Аллаһ Тағала Меккеде түскен «әл-Ән’ам» сүресінде: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де, олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» (әл-Ән`ам 6:160), — деді ғой. Ол тағы да былай деді: «Кім онда (Қасиетті мешітте) зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа, оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз» (Хаж 22: 25). Аллаһ: «Біз олардың амалдарын еселейміз», — деген жоқ, Ол: «…жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз», — деді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы жасалған жаман істің еселенуі тек күнәның ауырлығында болмақ. Яғни жаза Аллаһтың «Кім онда (Қасиетті мешітте) зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа, оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз» (Хаж 22: 25) деген сөздеріне сәйкес азаптырақ және аурулырақ болады”. Қз.: «әш-Шарх әл-Мумти’» 7/262.

 

[1] Аллаһтың барлық бұйрықтарын бұлжытпай орындау және Ол тыйым салған нәрселердің барлығынан бас тарту меңзеліп тұр.

 

Share

You may also like...