Рамазан айында кімдерге ораза ұстамауға рұқсат етіледі

1. Науқас (ауру) адам.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын» («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын тоқтатады. «Ораза ұстауды қалдыру үшін аурудың ауырлығы қандай болуы керек?» деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі болған. Кейбір ғалымдар: «Ауру атауының барлығы оразаны қалдыруға рұқсат етеді», — деген. Осы орайда олар Аллаһ Тағаланың сөздеріне сүйенген, ал Ол аурудың ауырлығын нақтыламады әрі: «Ал біреу науқас…..болса», — деді. Алайда егер ауру қиындықтар туғызбаса әрі, мысалы, кішігірім тұмау, аллергия сияқты адамды әлсіретпейтін аурулардан болса, онда ол ораза ұстауы әрі оны тастамауға тиісті. Қз.: “Сахих фиқһу-Сунна” 2/119.

Имам әл-Қуртуби былай деген: “Ауру адамның екі жағдайы болады: біріншісі – ол ораза ұстауға шамасы келмейтін жағдай. Мұндай кезде ауызды ашып жіберу оған міндетті болады. Екінші жағдай – науқас адам қиналып және өзіне зиян тигізіп болса да ораза ұстай алады. Мұндай жағдайда ол үшін ауызды ашу өте құпталады, әрі наданнан басқа ешкім мұндай жағдайда ораза ұстамайды!” Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 2/276.

Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер науқас адам ауруына қарамастан ораза ұстайтын болса, ол айыпты нәрсе істеген болады, өйткені ол өзіне зиян тигізеді және Аллаһтың берген жеңілдігін тастап қояды”. Қз.: “әл-Муғни” 4/404.

Ал егер ауыр науқаспен ауырған адам өзінің ауруына қарамай ораза ұстаса, оның оразасы жарамды болады, бұл туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде болған.
Ибн ‘Умардан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді». Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хафиз әл-Мунзири, хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Мәжма’у-з-зауаид” 3/165, “Сахих әт-тарғиб” № 1059.

2. Сапарда жүрген адам (мусафир)

Аллаһ Тағала былай деген: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

Сапардағы адамға үмметтің бірауызды келісілген пікіріне (әл-ижма`) сәйкес аузын ашуға рұқсат етіледі, әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын, не жеңіл болуына байланысты емес. Яғни тіпті оның жолы жеңіл және қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген. Қз.: “Мәжму’ул-фатауа” 25/210.

Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Бұған Әнастың: “Біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз, әрі ораза ұстаушы адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін”, — деген сөздері нұсқайды. Әл-Бухари 1947.

Жолаушы үшін ораза ұстау жақсырақ па, әлде ауызды ашқан ба?

Ғалымдар сапарда нені істеген абзалырақ болатындығы жөнінде түрлі пікірлер білдірген. Бұл мәселе бойынша ең жақсы пікір «сапардағы адам өзі үшін не жеңілдеу болса, соны таңдауы керек», — деп айтқан ғалымдардың пікірі болып табылады. Бұл ғалымдар: «Егер жолаушы үшін ораза ұстау оны кейін өтеуден жеңілдеу болса, онда оған ораза ұстау жақсырақ болады, ал егер оған жолда ораза ұстау қиынға соқса, онда ол оразасын тоқтатқаны жақсырақ болады», — деген. Осы орайда бұл ғалымдар Аллаһ Тағаланың «Аллаһ сендерге жеңілдікті қалайды әрі Ол сендер үшін ауыртпалықтарды қаламайды» («әл-Бақара» сүресі, 185-аят) деген сөздеріне сүйенеді.

Хамда ибн ‘Амра бірде Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда ораза ұстау туралы сұрады, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осыдан өзіңе не жеңілдеу болса, соны істе! Қаласаң – ауызыңды аш, қаласаң – ораза ұста!», — деп жауап берді. Тамам “әл-Фәуаидте” 1/161. Сенімділігін шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 6/889.

Сапарға шығушы үйінен шыққанға дейін оразасын аша алады ма?

Ғалымдардың басым бөлігі сапарға шығушы адам өз тұрғылықты мекенінің елді аудандарын өтіп кетпейінше ауызын ашпауы керек деп есептейді. Яғни қала маңын өткен бойдан ауызын аша берсе болады. Алайда Сүннетке негізделетін күшті пікір бұл «сапарға шығушы адам жолға шығудан бұрын аузын аша алады» деген пікір болып табылады. Мухаммад ибн Ка’б былай деп баяндайтын: “Бірде мен Әнас ибн Мәликке рамазан кезінде ол сапарға жиналып жатқан тұста келдім. Ол мініс көлігін дайындады, киімін киді және тамақ алып келуді бұйырды. Ол тамақ жеп болған соң, мен одан: «Бұл (жолға шығудан бұрын тамақ жеу) — Сүннет пе?», — деп сұрадым. Ол: «Сүннет!», — деді де, кейін көлігіне мініп алды”. Әт-Тирмизи 799, әл-Бәйһақи 4/247, әд-Дарақутни 2/187.

Кейбір ғалымдар бұл хадисті әлсіз деген әрі сол себепті оған сүйенбеген. Алайда бұл хадис сахих болып табылады. Оның сенімділігін әт-Тирмизи, Ибн әл-‘Араби, хафиз әд-Дыя әл-Мақдиси, шейх Ибн әл-Қайим, Абул-Махасин, шейх әл-Әлбани сынды имамдар растаған. Бұл хадиске сондай-ақ имам Ахмад және Исхақ ибн Рахауайх та сүйенген. Бұл хадистің сенімділігі туралы толығырақ «Тасхиһу хадис ифтару-с-саим қаблә сафариһи ба’дәл-фажр уа раду ‘алә манн да’афаһу» еңбегінен қараңыз.
Бұл хадис сондай-ақ ‘Убайд ибн Жубайрдан жеткен, ол онда өзінің Абу Басыр әл-Ғифаримен бірге рамазан айында кемеге отырып кетуге жиналғанын және Абу Басыр тамаққа жақындап: «Же!», — деп айтқанын баяндаған хадиспен нығайтылады. Бұған Убайда: “Біз әлі үйде емеспіз бе?!”, — деп сұрады. Сонда Абу Басыр: “Сен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен бас тартып жатсың ба?!”, — деп жауап берді. Ахмад, Абу Дауд, әд-Дарими. Дерек сахих. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 928.

Имам әш-Шәукани былай деген: “Осы екі хадисте сапарға шығушы адам жолға шығудан бұрын ауызын аша алатынына дәлел бар”. Қз.: “Нәйлюл-аутар” 4/311.
Бұл сондай-ақ сахабалардың іс-әрекеттерімен де расталады, ал олардың арасында Умар, Ибн Умар, Абу Муса және: «Егер қаласаң — жолға шығудан бұрын тамақтан, ал қаламасаң – онда ораза ұстай бер», — деп айтқан Ибн Аббас та бар. Ибн Абу Шәйба 1/152. Иснады сенімді.

Са’ид ибн әл-Мусайиб пен Хасан әл-Басриден де олар сапарға шығушы адамдарға өз үйлерінен тамақ жеп шығуға рұқсат еткендігі туралы хабарланады. Ибн Абу Шайба 2/151, әл-Бәйһақи 4/247. Иснады сахих.

Алайда адам сапарға шығудан бұрын ауызын ашып алып, кейін сапарға шықпай қалмауы үшін абай болуы керек!

3. Қарт адам

Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт ер мен әйелеге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ жіберілген әрбір күні үшін бір кедейден тамақтандыру бұйырылды”. Әл-Бухари 7/179, әд-Дарақутни 2/205.

Бұл сондай-ақ жазылып кетуге үміттенбейтін науқастарға да қатысты. Имам Ибн Қудама былай деген: “Жазылып кетуге үміті жоқ науқас ораза ұстамайды және әрбір (ораза ұстамаған) күні үшін бір кедейді тамақтандырады, әрі осыда ол қарт адамға тең етіледі”. Қз.: “әл-Муғни” 4/396.

Кедейді немен тамақтандыру керек?

Ибн Аббас: “Кәрі адам ораза ұстай алмаса, ол әрбір күні үшін бір кедейді бір мудд[1] тамақпен тамақтандырады”, — басқа риуатта, — “Жарты са`[2] бидаймен”, — деп айтқан. Әд-Дарақутни 1/249, имам әд-Дарақутни және әл-Әлбани сенімділігін растаған. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 4/18.

“Әнас қартайған және ораза ұстауға шамасы келмейтін шағында сарид дайындап, отыз кедейді шақырып, олардың барлығын тамақтандырған», — деп хабарланады. Әд-Дарақутни 2/207. Иснады сахих.

Тамақтың орнына ақша беруге болмайды!

Шейх Салих әл-Фаузан былай деген: “Кедейді осы мекенде тұтынатын тамақтың жарты са` мөлшерімен тамақтандыру қажет, ал жарты са` — бұл орташа есеппен бір жарым килограмм. Кедейді дәл тамақпен тамақтандыру керек, әрі оған ақшалай бермеу керек, өйткені Аллаһ Тағала былай деген: «Ал кім қиындықпен ораза ұстауға шамасы келсе, өтемақысына кедейді тамақтандыруы қажет» («әл-Бақара» сүресі, 184-аят). Әрі Кұранның мәтіні дәл тамақтың өзіне нұсқайды”. Қз.: “әл-Фатауа әл-Фаузан” 3/140.

4. Жүкті әйел

5. Емізулі әйел

Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразаның аурпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауырпалығынан босатты». Әт-Тирмизи 715, Абу Дауд 2408, ән-Нәсаи 2277. Имам Абу Иса әт-Тирмизи хадисті хасан деді, ал шейх әл-Әлбани оны сахих деп атады.

Жүкті және емізулі әйелдер өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда егер олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады, өйткені Аллаһ Тағала: «… ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!» — деді («әл-Бақара» сүресі, 183-аят).

Имам Ибн ‘Ақил былай деген: “Егер жүкті және емізулі әйелдер жатырындағы нәресте және баласы үшін қауіптенсе, онда олар ораза ұстамаулары керек, ал егер олар қауіптенбесе, онда оларға ораза ұстамауға тыйым салынады!” Қз.: “әл-Инсаф” 7/382.

6. Ақылдан азған адам

7. Жас бала

‘Аишадан, ‘Алиден, Саубаннан және басқа да сахабалардан (Аллаһ оларға разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «(Жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан азғаннан, ол ақыл-есін жинағанша». Ахмад 1/104, Абу Дауд 4398 және 4402, ән-Нәсаи 3432, Ибн Мәжаһ 2041, әд-Дарими 2296, Ибн әл-Жәруд, әл-Бәйһақи 6/57, әл-Бәззар 1540. Бұл хадистің сахихтығын Ахмад, әл-Бухари, Ибн Хузайма, Ибн әл-Жәруд, Ибн Хиббан, Ибн әл-Мунзир, әл-Хаким, әз-Зәһаби, Ибн Хазм, Абу Бакр ибн әл-Араби, Ибн Таймийя, Ахмад Шакир, әл-Әлбани сынды имамдар растаған.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай деген: “Ақылдан азған адамдар өздерінің іс-әрекеттері үшін жауапкершілік тартпайды, бірақ егер адам белгілі бір уақыттарда ақылдан азса, ал басқа уақыттарда ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі сау кезде ораза ұстауы керек, әрі ақылдан азған кезде ол бұдан босатылады. Егер ол ораза кезінде ақылын жоғалтатын болса, бұл оның оразасын бұзбайды, бұл біреудің ауруға немесе басқа бір себептерге байланысты ақыл-есін жоғалтатыны сияқты, өйткені ол ақыл-есі сау кезінде ораза ұстау ниетіне ие болатын”. Қз.: “Мәжалису шаһри рамадан” 28. Тура осы қояншық ауыруымен ауыратын адамдарға (эпилептиктерге) де қатысты.

8. Денсаулығы үшін қауіптенетін адам

Егер адамды қатты шөл немесе қатты аштық қысса әрі ол өліп қалатынынан немесе денсаулығымен бір салмақты нәрсе орын алуынан қауіптенсе, онда ол оразасын тоқтатып, оны кейінірек өтесе болады, өйткені өз өміріңді сақтау — парыз. Қз.: “Әл-Мухаллә” 6/228, “Қауанинул-фиқһия” 82.

Аллаһ Тағала былай деген: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер, Аллаһ сендерге мейірімді ғой» («ән-Ниса» сүресі, 29-аят).

Бірақ шыдауға болатын мазасыздықтан, немесе шаршау сезінгендіктен, немесе ауруды қиялдаудан оразаны тоқтатуға бомайды. Денені шаршататын жұмыстарда істейтін адамдарға оразасын тоқтатуға рұқсат етілмейді әрі олар түнде келесі күні де ораза ұстауға ниет етулері керек. Егер олар жұмысын тоқтата алмаса әрі өндіріс үстінде олармен орын алуы мүмкін болған қандай да бір зақымданудан қауіптенсе, немесе оларды оразаны тоқтатуға мәжбүрлейтін қандай да бір ерекше қиындықтарға тап болса, онда олар оразасын тоқтатып, оны кейіннен толықтыра алады.

Көп дене күшін талап ететін пештерде және металл ерітуде жұмыс істейтін адамдар түнде жұмыс істеу үшін жұмыс кестесін өзгертуге немесе рамазан айында демалыс алуға тырысуы қажет. Әрбір мұсылман өзінің діни және дүниелік міндеттерін бірге алып жүре алатындай жұмыс іздеуге тиіс, ал Аллаһ Тағала былай деген: «Кім Аллаһтан қорықса, Ол оған бір шығар жол пайда қылады және ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаһқа тәуекел етсе, сонда Ол оған жетіп асады» («әт-Тәлақ» сүресі, 2-3 аяттар). Қз.: “Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/233.

9. Аллаһтың жолында шайқасушы мужаһид, егер ораза оны әлсіретсе және оған шайқасуға кедергі жасаса

Дұшпандармен шайқасып жатқандарға немесе олардың қоршауындағыларға, егер ораза оларды шайқаса алмайтындай етіп әлсіретсе, өз оразаларын үзуге рұқсат етіледі, тіпті олар сапарда болмаса да. Егер оларға шайқасуға дейін оразаны бұзу қажет болса, олар мұны істей алады. Бұған Абу Са’идтен жеткен, онда Меккеге жорық кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларына: «Таңертең сендер дұшпандарыңмен кездесулеріңе тура келеді, ал оразаны тоқтату сендерді күштірек етеді, сондықтан да ораза ұстамаңдар», — деп айтқан хадис дәлел болады. Муслим 1120.

Бұл хадистен Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны тоқтатудың себептері ретінде сапарда немесе жорықта болуды емес, дұшпандармен соғысу үшін күшті сақтап қалуды атағаны айқын болады. Бұл туралы хафиз әл-Мунзири, әл-Мунауи, Шамсул-Хақ ‘Азым Абади және басқалар айтқан.
Жиһадта қатысу үшін, агрессияны тойтару және мұсылман жерлерін қорғау үшін күш-қуатты сақтап қалу оразаны үзу үшін орынды себеп болады, әрі бұл туралы Ахмад, Ибн Таймийя, Ибн әл-Қайим, Ибн Муфлих сынды имамдар т.б. айтқан. Қз.: «әл-Фуру’» 3/28.

10. Етеккірі келген әйел

11. Босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел

Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдер, жоғарыда аталған санаттағы адамдардан ерекше,жайоразаұстамаса да болады емес, оларға мұндай жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады, бұл туралы ғалымдар бірауызды келісімде болған.  Қз.: «әл-Мәжму’» 6/259.

«Етеккірі келген әйелдер ораза ұстамаулары» керек дегенге әйелдердің «Дініміздің кемшілігі неде?» деп қойған сұрағына Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Етеккірі басталған әйел намаз оқуын және ораза ұстауын доғармайды ма?», — деп жауап бергені туралы айтылатын хадис дәлел болады. Әл-Бухари 304, Муслим 2/132.

Сондай-ақ босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел де ораза ұстамайды дегенге Умм Сәләмадан жеткен, онда ол: «Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (көзі тірі) кезінде босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер қырық күнге дейін намаздан тыйылатын», — деген хадис дәлел болады. Ахмад 6/203, Абу Дауд 1/311, әл-Бағауи 2/136, хадис хасан.

Әрине, егер оларға намаз оқуға тыйым салынған болса, онда ораза ұстауға да тыйым салынған еді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен олардың ізбасарлары (табиғиндер) «Әйелдер босанғаннан кейін қырық күн бойы намаз оқымаулары және ораза ұстамаулары керек, тек егер олар (босанғаннан кейін келетін қаннан) ертерек тазармаса» дегенге бірауызды келісімде болған. Қз.: “Нәйлюл-әутар” 1/274.

Егер жүкті әйел ұрығының басы немесе қолы сияқты дене мүшелері қалыптасу кезінде түсік тастаса, онда бұл жағдай босанғаннан кейінгі қан келу ретінде қарастырылады да, мұндай әйел ораза ұстамайды. Егер түсік тастау жүктіліктің ертерек кезеңінде (сексен күнге дейін) орын алса, онда әйел кісі истихада (яғни ауруға байланысты қан келу) жағдайында болып саналады да, ол оразасын қалдырмай ұстайды. Қз.: “Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/224.

Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын адамдардың барлығы ораза ұстаулары парыз!

Орынды себеппен ораза ұстамайтын адам елге көрсетіп ішіп-жей алады ма?

Имам әл-Мәрдауи былай деп жазған: “Қады: «Рамазанның жарық кезінде ашық (елге көрсетіп) тамақтану айыпталады, тіпті бұған (орынды) себеп болса да», — деп айтты. «Әл-Фуру’та»: «Ашық түрде тамақтану қалай болған жағдайдай да тыйым салынған», — деп айтылған. Ибн ‘Ақилге «Сапардағы, (немесе) ауру адамға, немесе етеккірі келіп жатқан әйелге олар ашық (елге көрсеткен түрде) тамақтануға тыйым салуға болады ма?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Егер ораза ұстамаудың себебі ізі байқалмайтын ауру, немесе сапарда екендігі белгісіз болған сапар сияқты жасырын болса, онда ашық түрде тамақтануға тыйым салу керек!», — деп жауап берген»   Қз.: “әл-Инсаф” 7/348.

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамайтын адамды күндіз тамақтандыруға болады ма?

Ғалымдар ораза ұстауға міндетті және ораза ұстамау үшін шариғи себепке ие емес адамдарды күндіз тамақтандыруға тыйым салған. Аллаһ Тағала былай деген: «Бір-біріңе ізгілік пен тақуалықта көмектесіңдер де, күнә мен дұшпандықта бір-біріңе көмектеспеңдер» («әл-Мәида» сүресі, 2-аят).

Имам әр-Рамли ғалымдар (рамазанның күндізінде тіпті) кәпірге тамақ сатуға, егер адам кәпірдің сол тамақты рамазанның күндізінде жейтінін білсе немесе жорамалдаса, тыйым салынғандығын жеткізген, әрі әр-Рамли былай дейтін: «Бұл тыйымның себебі осы іс-әрекеттің күнә жасауға болысу болып табылатынында және ең дұрыс пікір бойынша шариғи міндеттемелер кәпірлерге де қатысты». Қз.: “Нихаятул-мухтаж” 5/274, “Маусу’атул-фиқһия” 9/212.

Сөйтіп, адам күнәға болысушы болмау үшін, рамазан айының жарық кезінде ораза ұстауға міндетті адамдарды тамақтандыруына болмайды. Бұған аурулар, сапардағы адамдар және ораза ұстау парызы мойындарынан түскен адамдар жатпайды. Бұл мәселедегі жалпы үкім осындай.

Алайда бұл мәселеде даналық таныту және (шариғи) пайда мен зиянды ескеру қажет. Мысалы, егер білместікпен және надандығымен ораза ұстамайтын әке ораза ұстайтын қызына өзіне тамақ дайындап беруді бұйырса, ал ол осыдан бас тартса, бұл ол үшін бұдан да сорақы жамандыққа алып келуі, мысалы, әкесі оған орамал тағуына және намаз оқуына тыйым салуы және оған игі нәрселер істеуге богет жасауы мүмкін т.с.с. Сондықтан да пайда мен зиян мәселелерін ескеру қажет, әрі әрбір жағдайға жекеше тәсіл қолдану қажет!

Қандай да бір себеппен ораза ұстамаған адам, сол себеп жойылған жағдайда күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиісті ме?

Егер ауру адам жазылып кетсе немесе сапардағы адам үйіне оралса, немесе етеккірі яки босанғаннан кейінгі қаны келген әйел қанынан тазарса, әрі осының барлығы күндізгі уақытта орын алған болса, олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиісті ме, әлде жоқ па? Бұл мәселе бойынша ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар. Ғалымдардың бір тобы: «Олар ораза ұстауға міндетті, өйткені оларға ораза ұстамауға рұқсат беретін себеп күшін жойды», — деп санаған. Ал басқа ғалымдар: «Олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндетті емес, өйткені мұндай ораза олар үшін бәрібір (күн ретінде) есептелмейді», — деген.

Шейх Ибн Усаймин былай деп айтатын: “Егер сапардағы адам өз қаласына күндіз күні ораза ұстамаған күйінде оралса, немесе әйел кісінің күндіз етеккірі тыйылса, онда олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндетті емес. Олар ішіп-жей беруіне болады, өйткені олардың тыйылуы ешқандай рөл ойнамайды, себебі олар бәрібір осы күнді қайта толықтыруға тиісті, әрі ол олар үшін саналмайды. Әрі осы пікір дұрыс болып табылады. Бұл имам Мәлик пен әш-Шәфи`идің және имам Ахмадтың пікірлерінің бірі. Ал Ибн Мас’удтан: «Кім күннің бірінші бөлігінде тамақ жеген болса, қалған бөлігінде де тамақтана берсін», — деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бәйһақи”. Қз.: “Фатауа Ибн Усаймин” 19-том, № 58, 59 сұрақтар.

Сөйтіп, күннің қалған бөлігінде ораза ұстаудың міндетті екендігіне ешқандай дәлел жоқ, өйткені аталған адамдардың ораза ұстамауларына шариғи себептер бар. Аллаһ Тағала Өз дінін кемелдікке жеткізіп, толық етіп аяқтағаны белгілі, әрі Ол орынды себеппен ораза ұстамаған адамды күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндеттегені белгілі емес.

Имам ән-Науауи былай деген: “Егер сапардағы адам күн ортасында ораза ұстамаған күйінде үйіне оралса әрі әйелін (сол күні) күндіз етекірінен тазарған немесе ауруынан жазылған күйінде тапса, онда ол онымен жыныстық қатынасқа түсуіне болады әрі оларға, біздің пікірімізге сәйкес, (осы үшін) өтем жасау жүктелмейді!” Қз.: «әл-Мәжму’» 6/174.

[1]Бір мудд – орташа адамның қос алақанына сиятын көлем (қз.: “Маусу’атул-фиқһия” 3/163).

[2]Бір са` төрт муддқа тең (қз.: “Маусу’атул-фиқһия” 3/163).

Share

You may also like...