Рамазан айында оразаны себепсіз қалдыруға тыйым салынғандығы туралы

Рамазан айында күндіз тамақтанған адам Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі болсын) мойынсұнбаушылық жасады әрі ұлы тәубе етуді қажет ететін үлкен күнә істеді.

Ғалымдар ораза ұстаудың парыз екендігін мойындамай, одан бас тартқан адамның кәпір болатынына бір ауыздан келіскен, өйткені Құранда да, Сүннетте де оразаның парыз екеніне тікелей нұсқаулар бар. Ал егер де адам шариғат тұрғысынан ешқандай үзірі болмай, жалқаулық пен селқостықтың себебімен ораза ұстамаса, бірақ оразаның парыз екенін жоққа шығармаса, онда ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша ол пасық (бұзақы) болады, бірақ діннен шықпайды. Ол ұлы тәубеге келіп, алдағы уақытта мұны қайталамауы керек («Итхәф әһлюл-Исләм би хусусыяти-ссыям” 72).

Абу Умама әл-Бәһили былай деп баяндайтын: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Бірде маған түсімде екі (кісі) келді де, мені иықтарымнан ұстап, көтерілу қиын бір тауға әкелді. Олар: «Көтеріл», — деді. Мен: «Расында, мен мұны істей алмаймын», — деп жауап бердім. Олар: «Біз саған жеңілдетеміз», — деді. Сонда мен таудың шыңына жеткеніме дейін көтеріле бердім. Сол сәтте мен қатты айқайларды естідім. Мен: «Бұл не айқай?», — деп сұрадым. Олар: «Бұл Тозақ тұрғындарының зар еңіреуі», — деді. Сосын олар мені әрі қарай апарды. Сонда мен жұлындарына ілініп қойылған адамдарды көрдім. Олардың беттері жыртылған әрі қансырап жатқан еді. Мен әлгі (екеуінен): «Мына адамдар кімдер?», — деп сұрадым. Олар: «Бұлар — уақытынан бұрын ауыздарын ашатындар», — деп жауап берді» (ән-Нәсаи “Сунанул-кубра” 3273. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Зәһаби, хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани растаған).

Егер осындай қатал азапқа оразаға немқұрайлы қарап, уақытынан бұрын ауызын ашатын адамдар салынатын болса, онда орынды себепсіз мүлде ораза тұтпаған адамдардың жағдайын елестету тіпті қиын!

Ибн Мас`уд (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазанның бір күнінің оразасын орынды себепсіз бұзған адам Аллаһпен кездескенінше өмір бойы ораза ұстап шықса да, оны (лайықты түрде) өтей алмайды. Егер Аллаһ қаласа — оны кешіреді, ал егер қаласа — азаптайды» (Ибн Әбу Шәйба 9784. Иснады сахих).

Имам әз-Зәһаби былай деген: «Мүминдер рамазан айының оразасын орынды себепсіз тастаған адамды зинақордан, салық жинаушы мен маскүнемнен де жаманырақ деп есептейді» (қараңыз: “әл-Кәбаир” 78).

Share

You may also like...