Рамазан айының келуін астрономиялық есептерге сүйеніп анықтауға бола ма?

Рамазан айының басталуы мен аяқталуын анықтаудың шариғатта екі тәсілі ғана бар деп жоғарыда айтып өткен едік:

1. Жаңа айды көзбен көру арқылы.

2. Және бұлтты күні ша`бан айының отыз күнін санап шығып, содан соң Рамазан айының бірінші күні ораза ұстау.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айқын және бірмағыналы түрде былай деді: «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар, және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар. Ал егер ол (бұлттылықтың себебімен) сендерге көрінбесе, онда одан алдынғы айды (ша`банды) отыз күнмен аяқтаңдар» (әл-Бухари 1909, Муслим 1081).

Бірақ көптеген мұсылмандар бүгінгі күні Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздеріне көңіл бөлмей жүр. Олар, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны жаңа айды көргенде бастауды және оны жаңа айды көргенде аяқтауды бұйырған болса да, әлдебір астрономиялық есептерге сүйеніп, адамдарға оразаның басталуы мен аяқталу күндерін бір жыл бұрын алдын-ала хабарлап қояды!

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары да, ізгі сәләфтар да бұл сияқты еш нәрселерді істемеген. Әрі Рамазаның басталуы мен аяқталуын осындай тәсілмен анықтау «Рамазан айының басталуы мен аяқталуы (жаңа айды) тек көзбен көру арқылы анықталуы керек» деп айтатын үммет имамдарының бір аузды келіскен пікіріне қайшы келетін дінге еңгізілген жаңалық болып табылады (қараңыз: “Бидаятул-мужтаһид” 1/423, “Хашияту Ибн ‘Абидин” 2/393, “Фатхул-Бәри” 4/159).

Көптеген ғалымдар Рамазан айын анықтауда астрономиялық есептерге сүйенуге болмайтыны жайлы үмметтің бір ауызды пікірін (ижма`) жеткізді.

Хафиз ибн Хәжар былай деп айтқан: «Ибн әл-Мунзир оразаны астрономиялық есептерге сүйеніп анықтауға болмайтыны туралы біруауызды пікірді (ижма`) жеткізді» (қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/147).

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя былай деді: «Сүннет пен сахабалардың бірауызды пікірі астрономиялық есептерге сүйенуге болмайтындығына нұсқайтынына ешқандай күдік жоқ! Ал кім айдың басталуын бекітуде осыған сүйенетін болса, ол шариғатта адасқан, дінге жаңалық енгізуді жақтайтын және өзінің ақылы мен есебінде жаңылысқан адам болып табылады» (қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/207).

Алайда кейбір ғалымдар бұл бірауызды пікірге оразаны бекітуде астрономиялық есептерге сүйенуді рұқсат еткен атақты табиғин Мутарриф ибн Абдуллаһ әш-Шәхир қайшы келгенін жеткізген.

Алайда хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Бұл (пікірдің) Мутарриф ибн Абдуллаһтан жеткізілетіні сенімді емес! Бірақ бұның одан жеткендігі сенімді болғанның өзінде де, оның қате болуы себепті оған ілесуге болмайды». Қз.: “әт-Тамхид” 14/352.

Тура соны шейхул-ислам Ибн Таймийя да былай деп жеткізген: «Егер бұл (хабар) одан сенімді түрде жеткен болса да, ол ғалымның қатесі болып табылады». Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/182.

Сол секілді Ибн Рушд та өзінің «Бидаятул-мужтаһид» (2/557) кітабында, Рамазанды осылайша есептеудің әдісін имам әш-Шәфи`и де рұқсат ететін деп айтып кеткен. Алайда бұл да сенімді емес, өйткені имам әш-Шәфи`идің еңбектерінде бұған ешқандай нұсқау жоқ, әрі шәфи`и мазһабының атақты ғалымдары да одан ғалымдардың бір ауызды келісіміне сәйкес келетін пікірді жеткізген. Шейхул-ислам Ибн Таймийя: «Бұл — имам әш-Шәфи`иге жапсырылатын негізсіз өтірік, бұдан қалса имам әш-Шәфи`иден осыған қарама қайшы пікір жеткізіледі!», — деген. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 25/183.

Тура соны хафиз Ибн Абдул-Барр, қады Абу Бакр ибн әл-Араби және хафиз Ибн Хәжар да айтқан. Қз.: “әт-Тамхид” 14/354, “Ахкамул-Қуран” 1/82, “Фатхул-Бәри” 4/146.

Сөйтіп, бізге бұл мәселедегі ғалымдардың бірауызды пікірінің ақиқат, ал бұған қарсы айтылған сөздердің астында ешқандай негіз жоқ екендігі айқын болды.

Бірақ тіпті егер имамдардың бірі рамазанның басталуы мен аяқталуын астрономиялық есептерге сүйеніп анықтауды рұқсат еткені расталған жағдайда да, бұл ол істің рұқсат етілгендігіне нұсқамайтын еді. Шейхул Ислам Ибн Таймийя былай деп айтқан: «Шариғи дәлел – бұл Құран, Сүннет және ғалымдардың бірауызды пікірі (ижма`)! Ал кейбір немесе көпшілік қалалардың әдеттері, немесе ғалымдардың көпішілігі, немесе қарапайым құлшылық етушілердің және т.с.с. пікірі туралы айтар болсақ, онда бұлардың ешқайсысын да Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне қайшы қоюға болмайды» (қараңыз: «әл-Иқтида” 1/270»).

Имам Ибн Қудама былай деген: «Кімде-кім оразаның басталуын анықтауда астрономдардың сөздеріне сүйенсе, әрі тіпті олар дұрыс (анықтаумен) бірдей болып шықса да, оның оразасы жарамсыз болады, тіпті егер сол астрономдар (рамазан айын есептеп шығаруда) жиі жағдайда дұрыс айтып жатса да. Өйткені оразаны есептеудің бұндай әдісі оған сүйенуге болатындай шариғи дәлел болып табылмайды, әрі мұндай тәсілдің бары жоқпен тең. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар және жаңа айды көріп ауыз ашыңдар! — ал басқа хадисте, — (Жаңа) айды көрмейінше ораза ұстамаңдар және (жаңа) айды көрмейінше ауыз ашпаңдар!”, — деген» (Қараңыз: “әл-Муғни” 3/9).

Имам әл-Хараши былай деп айтқан: «Ораза астрономның сөздеріне негізделіп бекітілмейді. Шариғат оразаны тек (жаңа) айды көрудің негізінде немесе оны көргендердің куәлігі арқылы, немесе ша`бан айының аяқталуы арқылы бекітті. Әрі шариғат осыдан артық нәрселер туралы хабарлаған жоқ. Сондықтан егер астроном айдың басталғаны не аяқталғаны туралы айтса, онда жүрек оған сенсе де, сенбесе де, оның сөздеріне де, есептеріне де сүйенуге болмайды!» (қараңыз: “Шарх мухтасар Халил” 2/237).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның басталуы мен аяқталуын анықтау әдісіне нұсқаған, әрі ол – (айдың басталуын) көзбен көріп бекіту. Оны қолдануға әрбір адамның мүмкіншілігі бар. Әрі ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны анықтап бекіту үшін мұндай астрономиялық әдісті орнатқан жоқ, өйткені мұндай білімге тек жеке біреулер ғана ие.

Айта кетерлік тағы да бір жайт: бұл жерде сөз айды көру үшін қандай да бір астрономиялық құралдарды пайдалану туралы емес, оразаның басталуы мен аяқталуын дәл астрономиялық есептерге негізделіп анықтау туралы болып тұр.

Қорытындылай келе, егер мұсылмандар, мысалы, Діни басқармасы астрономиялық есептерге негізделетін және бір ай бұрын оразаның басталатын күнін алдын ала хабарлап қоятын елде өмір сүрсе, онда осыда оларға ілесуге болмайтынын атап өту қажет. Жоғарыда имам Ибн Қудаманың ««Кімде-кім оразаның басталуын анықтауда астрономдардың сөздеріне сүйенсе, әрі тіпті олар дұрыс (анықтаумен) бірдей болып шықса да, оның оразасы жарамсыз болады, тіпті егер сол астрономдар (рамазан айын есептеп шығаруда) жиі жағдайда дұрыс айтып жатса да» деген сөздері келтірілген болатын.

Олар тарапынан жасалатын мұндай іс-әрекеттің себебі жиі жағдай   үкіметпен келісім жасауға байланысты болады, өйткені демалыс күнін жариялау қажеттігінен т.с.с. нәрселерден туындап жатады. Бұл, әрине, шариғат ережелерімен ойнауға жатады. Мұндай жағдайда мұсылман адам оразаның басталуын және аяқталуын (жаңа айды) көзбен көріп бекіту арқылы есептейтін мүсылман еліне ілесуі қажет.

Бірақ егер діни басқарманың өзі оразаның басталуын анықтауда (жаңа айды) көзбен көруге негізделсе әрі оған осы мәселеде осы елдің мұсылмандарының басым бөлігі ілессе, онда олармен бірге ораза ұстау керек болады. Сондай-ақ олар оразаны бастауда қандайда-бір ислам еліне, мысалы, Мысырға, сүйенсе, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Барша ораза ұстағанда ораза ұстаңдар» деген бұйрығына ілесу үшін, оразаны бастауда басқа мұсылман еліне, мысалы, Сауд Арабиясына сүйенбей, оразаны елмен бірге бастау керек.

Осы мәселеге қатысты пікірлерді осылайша біріктіруге болады.

Осы жерде «Мұсылман елдерінде сол елдің тұрғындарымен бірге ораза ұстау керек, тіпті осы ел оразаны анықтауда астрономиялық есептерге сүйенсе де», — деп есептеген шейх әл-Әлбанидің пікіріне де нұсқау керек болады. Ол осыда үмметтің біртұтастығы бар деп санаған, әрі бір үйде әкесі мен баласы оразаны әртүрлі ұстайтын жағдай болып жататынын, өйткені баласы Саудияға қарап, ал әкесі өз еліне қарап ораза ұстайтынын мысалға келтірген. Ол сондай-ақ бүкіл дүние жүзінің мұсылмандары о баста оразаны (жаңа айды) көзбен көріп бекітуге негізделіп ораза ұстауға тиісті екендігін, әрі біртұтастық пен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баршаға арналған «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар» деген бұйрығы осыны қамтитынын, алайда бұл қазіргі кезде орын алмай жатқанын айтқан. Сондықтан да, оның айтуынша, екі жамандықтың ішіндегі аздауын таңдау қажет, ал бұл өз еліңмен бірге ораза ұстау, тіпті егер ол астрономиялық есептерге сұйенсе де. Бұл туралы шейх «Силсиләтул-һуда уа-н-нурда» № 403, 698 бірнеше рет айтқан.

Біз[1] құрметті шейхтың бұл пікірін әділеттілік үшін атап өттік, бірақ біз осы мәселеде Ләжнаның пікіріне[2] ілесеміз. Бұдан қалса, имамдардың «Астрономиялық есептерге негізделген ораза өздігінен жарамсыз, тіпті бұл есеп дұрыс болса да» деген сөздері өте қорқынышты-ақ. Содан соң, «Бір елде айды көрудің негізінде барлық ел ораза ұстауға міндетті ме, әлде тек айды көрген ел ғана ораза ұстайды ма?» деген мәселеді орынды келіспеушілік және екі тараптан да күшті дәлелдер бар, ал оразаны астрономиялық есептерге сәйкес анықтауға қатысты мұны айтуға болмайды.

[1]Яғни www.ToIslam.com сайтының редакциясы.

[2] Яғни “Егер мұсылман адам [………..] оразаның басталуы мен аяқталу мәселесімен өз әуес-қалауларына сәйкес ойнайтын елде өмір сүрсе, онда ол шариғат заңнамаларын басшылаққа алатын елге ілессе, мұның оқасы жоқ!” деген пікіріне. Толығырақ «Суал уа жауаб» № 1602, 1248, 1226, 12600, 50522 қараңыз (ред.).

Share

You may also like...