Рамазан айының және ораза ұстаудың артықшылығы

Абу Һурайраның сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болcын) былай дегені хабарланады: «Рамазан келгенде Жәннаттың қақпалары ашылады, Тозақтың қақпалары жабылады және шайтандар шынжырларға бұғауланады» (әл-Бухари 1899, Муслим 1079).
Хафиз ибн Ражаб осы хадисті келтірген соң былай деді: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларын Рамазанның келуімен сүйіншілейтін. Ғалымдар: «Бұл хадис адамдар бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтауына рұқсат етілгеніне негіз болып табылады», — деген» (қараңыз: “әл-Ләтаиф” 279).
Сондай-ақ Абу Һурайрадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны да жеткізіледі: «Рамазан айының алғашқы түні келгенде жындардан болған ма`арид шайтандары бұғауларға кісенделеді, Тозақтың бірде-бір есігі қалдырылмай, бәрі жабылады, Жәннаттың бірде-бір есігі қалдырылмай, бәрі ашылады, содан бір үндеуші: «Әй, жақсылыққа ұмтылушы, (жақсылықтарыңды) баста! Әй, жамандыққа ұмтылушы, доғар!», — деп шақыру салады. Әрі осы айда Аллаһтың Тозақтағы азаптан босатылатын адамдары бар, және мұндай босатылу рамазанның әрбір түнінде орын алып тұрады» (әт-Тирмизи 682, Ибн Мәжаһ 1642, әл-Хаким 1/421. Сахихтығын шейх Әлбани растаған).
Ма`арид шайтандары – бұл жындардан болған алып, қуатты шайтандар.
Осыдан біз рамазан айында кісендерге барлық шайтандар емес, бірақ, Ибн Хузайма өзінің «Сахихында» (3/188) айтқандай, тек олардың ішінен ма`аридтері ғана бұғауланатынын түсінеміз.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазандағы умра – қажылықпен тең», – деген (әл-Бухари 1863, Муслим 1256).
Хадисте рамазан айында жасалған умраның сауабы қажылықтың сауабымен тең екені айтылуда, бірақ бұл рамазандағы умра толыққанды қажылықтың орнын басады дегенді білдірмейді (қараңыз: Имам Ибн Бәттәл “Шарх «Сахих» әл-Бухари” 4/438 және имам ән-Науауи “Шарх «Сахих» Муслим” 9/285 ).
Абу Саид әл-Худриден Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, Аллаһ Тағаланың алдында сондай адамдар бар, Ол оларды рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Әрі, расында, әрбір мұсылман рамазанның түнінде де, күндізінде де өзінің дұғасына жауап алып отырады» (әл-Баззар, сахих хадис, «Сахих ат-Тарғиб» 1002).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деген: «Кімде-кім рамазан айында Аллаһтың сый-сауабына деген иманмен және үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (әл-Бухари 38, Муслим 760).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және былай деді: «Бес парыз намазды орындау, алдынғы жұма намазынан кейін келесі жұма намазына қатысу және әр рамазан келген сайын ораза ұстау олардың арасында істелген күнәларды өтейді, тек егер олардың арасында ауыр күнәлар болмаған болса» (Муслим 233).
Ал үлкен күнәлар тек шын ықыласпен тәубе жасағанда ғана кешіріледі.
Абу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатыны хабарланады: «Адам баласының әрбір игі ісі еселенеді, ал игі іс үшін берілетін ең аз сый он есе болады, бірақ ол жеті жүз есеге дейін де көбеюі мүмкін. Аллаһ Тағала: «Оразадан басқасына. Өйткені, шынында, ораза Мен үшін ұсталады, және оның сыйын Мен Өзім беремін. Өйткені адам өз қалауларын қанағаттандырудан және өз тамағынан Мен үшін бас тартады!», — деп айтады. Ораза ұстаушыны екі қуаныш күтіп тұр: бірі – ауызын ашқанда, екіншісі – өзінің Раббысымен кездескенде. Әрі ораза тұтушының ауызынан шығатын иіс Аллаһ үшін мисктің (әтірдің) хош иісінен де жағымдырақ!» (Муслим 1151).
Аллаһ Тағала оразаны басқа құлшылықтардан ерекшелегенінің себебі — оразада намаз, жиһад, қажылық және садақа сияқты құлшылықтардан айырықша, көзбояушылық (рия) аз болады (Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/107).
Хафиз ибн Абдул-Барр былай деген: «Аллаһ Тағаланың «Ораза Мен үшін» деген сөзі оразаның құндылығын және оның басқа құлшылықтардан артықшылығын көрсету үшін жетіп асады» (қараңыз: “Мәжәлису шаһри рамадан” 15).
Сәһлдің сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Шынында, Жәннатта «әр-Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстаушылар ғана кіреді, әрі ол қақпадан олардан басқа ешкім кірмейді. (Сол күні:) «Ораза ұстаушылар қайда?» — деп айтылады, сонда олар алға шығады, және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Ал олар кіріп болған соң, ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді» (әл-Бухари 1896, Муслим 1152).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза – бұл Аллаһтың құлы оның көмегімен Оттан қорғанатын қалқан», — деген (әт-Табарани “Кабирде”, хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 386).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деді: «Кімде-кім ораза ұстаған күйінде қайтыс болса, Жәннатқа кіреді» (әл-Баззар. Хадистің сахихтығын шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 6224).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы былай деді: «Ораза мен Құран Аллаһтың құлына Қиямет күні шапағатшы болады. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз тағам мен сусыннан құр қалдырдым, ендеше, оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», — дейді. Ал Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым, ендеше, оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», — дейді. Сонда олардың шапағаттары қанағаттандырылады» (Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз әл-Мунзири, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 973).
Дереккөз: www.Toislam.com сайтының редакциясы дайындаған «Пост в месяц Рамазан» кітабы

Share

You may also like...