Рамазан мен ораза туралы кең таралған, бірақ әлсіз не ойдан шығарылған хадистер

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Менің атымнан мен айтпаған нәрсені айтқан адам Оттан орын алуға дайындала берсін!» (Бухари 109).

Хафиз ибн Хәжар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Өзі өтірік деп санайтын нәрсені менен жеткізетін кісі өтірікшілердің бірі болып табылады!» деген сөздері жайында: «Егер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атынан ол айтпаған нәрселерді тіпті баяндауға тыйым салынған болса, онда осыған негізделген амалды жасау туралы не айтуға болады?! Хадиске негізделген амал жасауда, бұл үкімдерге (ахкам) немесе артықшылықтарға (фадаил) қатысты болады ма – мұның еш айырмашылық жоқ, өйткені мұның барлығы шариғат!», — деп айтты (“Тәбйин әл-‘ажаб” 3-4).

Әлсіз хадистер:

  1. «Егер де құлшылық етушілер Рамазанның артықшылығын білгенде, онда олар жыл бойы Рамазан болуын қалар еді» (Ибн Хузайма 1886).

Бұл хадис ойдан шығарылған болып табылады. Бұл хадистің жеткізушілер тізбегінде жалған хадистерді айтатын Жәрир ибн Айюб деген адам бар (қараңыз: «Лисан әл-мизан» 2/101).

Бұл хадистің әлсіздігі туралы имам әл-Бухари, имам ән-Нәсаи, имам Ибн әл-Жәузи, шейх әл-Әлбани және басқалар айтқан (қараңыз: “әл-Мәуду’ат” 2/188).

  1. «Рамазанның басы – мейірім, ортасы – кешірім, ал соңы – Оттан құтылу… Әрі осы айда ізгі амал жасаған адам ол үшін парыз амал жасағандай сауап алады. Ал парыз амал жасаған адам ол үшін басқа уақытта жасалатын жетпіс парыз амалға тең сауап алады» (Ибн Хузайма 1887, әл-Бәйһақи 3/128).

Бұл хадис Али ибн Зәйд деген жеткізушінің себебімен әлсіз болып саналады. Оны Ахмад ибн Хәнбал, Ибн Са`д, Ибн Әбу Хайсама, Ибн Хузайма және басқалар әлсіз деп атаған (қараңыз: «Тәһзиб әт-тәһзиб» 7/322).

Бұл хадистің әлсіздігі жайында сондай-ақ имам Ибн Са`д, Ибн Ма`ин, Ибн Әби Хатим және т.б. аятқан (қараңыз: “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мәуду’а” 871).

  1. «Ораза тұтыңдар, сонда сау боласыңдар» (әт-Тәбарани «әл-Әусат 1/69»)

Бұл хадис Нахшәл ибн Са`д деген жеткізушінің себебімен әлсіз болып табылады. Ол – жиі өтірік айтып жүрген, қабылдауға тұрмайтын адам еді. Хадистің әлсіз болуының тағы да бір себебі әд-Дәххактың Ибн `Аббасты кездестірмегендігінде (Қараңыз: “әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 253).

  1. «Кімде-кім Рамазан айының бір күн оразасын орынды себепсіз және ауырмастан бұзатын болса, ол өмір бойы ораза тұтып шықса да, сол күнді өтей алмайды» (әл-Бухари 4/160).

Хафиз ибн Хәжар бұл хадистің үш ақауы бар екенін айтты: 1. Анықсыздық, 2. Белгісіз жеткізуші, 3. Үзілген иснад (қараңыз: «Фатхул-Бәри» 4/161).

Хадистің әлсіздігіне Ахмад, Ибн Хузайма, әл-Мунзири, әл-Бағауи, әл-Қуртуби, әз-Зәһаби және сол сияқты тағы да көптеген имамдар нұсқаған. Тіпті бұл хадис туралы: «Абу Һурайрадан…………..жеткізіледі», — деген имам әл-Бухаридің өзі де оның әлсіздігіне нұсқаған, өйткені ол бекітілген түрде: «Маған……………….айтты», «Бізге…………..жеткізді», — деп айтатын сенімді хадистерден айырықша белгісіз және мақұлдап айтылмайтын формада айтады.

Хадистану ғылымында «жеткізілетіндей», «айтылады», «хабарланады» деген белгісіздікті білдіретін сөздер осындай хабарлардың күмәнды не әлсіз екендігіне нұсқайды. Ал күмәнсіз нәрселер «айтты», «істеді» т.с.с. деп жеткізіледі, мұны имам ән-Науауи түсіндіргендей. Қз.: «әл-Мәжму’» 1/63.

  1. «Ораза тұтушының ұйқысы – құлшылық, оның үнсіздігі – тасбих, оның дұғасы қабыл етіледі, ал амалдары екі еселенеді». Әл-Бәйһақи 3/143.

Имам әл-Бәйһақи былай деген: «Ма`руф ибн Хасан (осы хадистің жеткізушісі) әлсіз болып табылады, ал Сулайман ибн Амр ән-Нәха`и (басқа жеткізушісі) одан да әлсіз!». Хафиз әл`Ираки былай деген: «Сулайман ән-Нәха`и өтірікшілердің бірі!» (“Тахриж әл-Ихья” 1/310). Сондай-ақ бұл хадисті әлсіз деп имам әл-Мунауимен шейх әл-Әлбани атаған (Қараңыз: “Фәйдул-Қадир” № 9293, “әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 4696).

  1. «Үш нәрсе Исламның тірегі мен негізі болып саналады, әрі кім олардың біреуін болса да қалдырса, қаны рұқсат етілген кәпір болады: бұл Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ деп куәлік беру; бес уақыт намаз оқу және Рамазан айында ораза ұстау» (Әбу Я’лә 2/126, әл-Ләләкәи 1/202).

Аталмыш хадис Амр ибн Мәлик ән-Нуридің себебімен әлсіз болып табылады. Ибн Хиббаннан басқа ешбір имам оны сенімді деп санамаған. Ал мухаддистердің арасында имам Ибн Хиббанның әлсіз әрі тіпті белгісіз жеткізушілердің сенімділігін күшейту әдеті белгілі болған. Бұл туралы Хафиз Ибн `Абдул-Һади айтқан.

Сондай-ақ бұл хадистің тізбегінде Мумәл ибн Исма`ил деген кісі бар, ол шыншыл жеткізуші, алайда, бұл туралы имам Әбу Хатим айтқандай, қателіктер жіберетін еді.

Бұған қоса бұл хадис Ислам үш емес, бес тірекке негізделгені туралы хабарланған көптеген сахих хадистер мен анық нұсқауларға қарама-қайшы келеді.

Шейх әл-Әлбани былай деп айтқан: «Мен оразаның міндеттілігін мойындай отырып, оны қалдырған адамды, ғалымдардан біреу болса да кәпір деп атайды деп ойламаймын! Алайда бұл хадистің (ораза тастаған адамның кәпір болатындығы туралы) сыртқы мағынасына қайшы келіп тұр. Әрі осыда да бұл хадистің әлсіз екеніне ғылыми дәлел бар» (“әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 94).

  1. «Аллаһ Тағала былай деді: “Ауызашарға бәрінен тез асығатындар Менің ең сүйікті құлдарым болып табылады”» (әт-Тирмизи 700).

Бұл хадис Қурра ибн `Абдуррахманның себебімен әлсіз болып саналады. Оны Ахмад, Ибн Мә`ин, Әбу Зур`а, Әбу Хатим және басқалар әлсіз жеткізуші деп атаған (Қараңыз: “Ируа әл-ғалил” 1/38).

  1. «Рамазан айы аспан мен жердің арасында тұрады, әрі оны зәкат әл-фитрден басқа ештеңе Аллаһқа көтермейді» (әд-Дәйлами, Ибн Шахин).

Бұл хадис есімі Мухаммад ибн `Убайд деген белгісіз жеткізушінің себебімен әлсіз болып саналады (қараңыз: «әл-`Иләл» 824).

Шейх әл-Әлбани: «Егер бұл хадис сахих болғанда, онда Рамазан оразасы зәкат әл-фитрсыз қабыл болмайтынына нұсқау болар еді! Мен «зәкат әл-фитрсыз ораза қабылданбайды» деген бірде–бір ғалымды білмеймін», — деген (қараңыз: “әс-Силсилә әд-дә’ифа” 1/118).

You may also like...