Оразаның рухани жағы және ораза ұстаушының мінез-құлқы

Аллаһ Тағала пайғамбарымыз Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі болсын) үмметіне ораза ұстауды бұйырып, былай деген: «Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрыңғыларға ораза парыз етелгендей, сендерге де ол парыз етілді – әрине тақуа боласыңдар» («әл-Бақара» сүресі, 183-аят).

Құдіретті әрі аса Дана Аллаһ Өз құлдарына бір үкімді бұйырғанда немесе парыз еткенде әдетте оның даналығын баяндамай, тек бұйрықтың өзін ғана атап кетеді. Өйткені Аллаһтың жалпы даналығы Ол Өз құлдарына міндеттіліктерді жүктеп, оларды сынайтындығында, әрі Оған бағынатындар мен бағынбайтындарды айқындайтынында. Алайда аталмыш аятта Аллаһ Құранда жиі кездесе бермейтін бір нәрсені атап өтті, яғни Ол ораза ұстау бұйрығының себебін: «…әрине тақуа боласыңдар», — деп түсіндірді.

Тақуалық деген не екен? Талқ ибн Хубайб: «Фитна (бүлік) туған кезде, оны тақуалықпен сөндіру керек», — деген. Одан: «Ал тақуалық деген не?», — деп сұрағанда, ол: «Тақуалық — бұл Аллаһтың нұрының негізінде Аллаһтың сыйынан үміт етіп Аллаһқа бағыну. Тақуалық — Аллаһтың нұрының негізінде Аллаһтан қорқып, Аллаһқа мойынсүнбаушылықты тастау», — деген (Ибн әл-Мубарак 1343, Ибн Әби Шайба 30356).

Са`ид ибн Жубайр былай деген: «Расында, Аллаһтан қорқу дегеніміз — бұл сені мен күнәларыңның арасында тұратын нәрсе. Міне осы нағыз қорқу! Аллаһты еске алу (зикр) Аллаһқа мойынсұну болып табылады, әрі кім Аллаһқа мойынсұнса, сол Аллаһты зікір етеді. Ал Аллаһқа мойынсұнбаушыға келсек, ол Құранды көп оқып, Аллаһқа жиі мақтау-мадақ айтса да, еске алушы болып табылмайды» (Әбу Ну`айм «Әл-Хилия» 4/276).

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның парыз етілуінің иләһи хикметін түсіндіріп: «Аллаһ өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес», — деді (әл-Бухари 1903).

Имам Әбу Бакр ибн әл-`Араби былай деп айтқан: «Кімде-кім осы хадисте айтылғанды істеген болса, оразасы үшін сауап алмайды!» («Фатхул-Бәри» 4/177).

Осы хадистен түсінетініміз, егер ораза ұстаушы адам күнә жасауды, өтірік айтуды, балағаттауды доғармаса, онда Аллаһ ондай кісінің тамақ пен судан және әйелімен жақындасудан бас тартқанына көңіл бөлмейді (қараңыз: “Итхафул-Кирам” 187).

Ораза ұстау бұйрығындағы даналық мүміндердің жағымды, хәлал және игі нәрселерден тыйылуында ғана емес, бұл ораза ұстайтын адамға міндетті болса да. Әрі бұл оразаға енгізілген жалғыз талап етілетін нәрсе емес. Аллаһ Тағала ораза ұстау туралы Өзінің әмірін «…әрине тақуа боласыңдар» деген сөздермен аяқтайды.

Бұл «оразаның парыз етілуінің даналығы мұсылман адам ораза кезінде Аллаһ Тағалаға құлшылықтарын көбейту керектігінде, бұрыңғысына қарағанда бойұсынғыш болуы және жамандықтың барлығын тастауы керектігінде» дегенді білдіреді.

Рамазан айында ораза ұстап, бірақ жаман нәрселерден тыйылмай жүрген адам, қаланы қиратып, зәулім сарай соғып жатқан біреу секілді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін», — деген (Ибн Мәжаһ 1690. Хадистің сенімділігін шейх әл-Әлбани растаған).

Бұл дегеніміз, Аллаһ Тағала адамдарға ораза ұстау парызын жүктегенде, олардың белгілі уақыт ішінде тек жеп ішуден және ерлі-зайыптылық қатынастан тыйылуын ғана меңземеді. Олар сондай-ақ аса Құдіретті Аллаһ тыйым салған күнәлардан және Оған деген мойынсұнбаушылықтан өздерін тыйюы керек, ал мұндай істердің арасында сөздер мен амалдардағы өтірік те бар.

Сөйтіп, ораза — бұл тек ішіп-жеуден тыйылу емес, оған қоса бұл балағаттау, ғайбаттау, өтірік айту, өсек айту, жалған куәлік беру сияқты баршаға белгілі тыйым салынған істерден бас тарту болып саналатыны бізге айқын болды. Абу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!» (Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким. Хадис сахих. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 1082).

Әрбір мұсылман оразаны бұзатын істер — бұл тек бәріне мәлім болған ішіп-жеу мен жыныстық қатынас жасау сияқты дене амалдары ғана емес екенін білуге міндетті. Оразаның мәні бұлардан тыйылуда ғана емес. Сондықтан да кейбір ғалымдар оразаны бұзатын нәрселерді екі топқа бөледі. Рамазан кезінде адамдарға уағыз айтатын көптеген дағуатшылар, оразаны бұзатын нәрселер туралы айтып жатқанда тек ішіп-жеу және жақындасу сияқты шариғи нормалар жайында ғана сөз қозғайды. Бірақ олар оразаны бұзатын екінші топқа да басты назар аударулары қажет.

Ал енді оразасын тек ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан тыйылумен ғана шектейтін, әрі рамазаннан бұрын бойында болған бұзық мінез-құлқында қасарысып тұрып алатын адамға келер болсақ, онда оның оразасы Раббымыз: «…әрине тақуа боласыңдар», — деп нұсқаған, осы айда заңдастырылған құлшылықтың дана мағынасына сәйкес келетін ораза болып саналмайды.

Сондықтан да біз мұсылман бауырларымызға олар оразаны құнсыз ететін өзгеше, материалдық емес нәрселердің басқа да тобын да естен шығармауларын, ішкі дүниеге де көңіл бөлулерін еске салып, кеңес береміз. Оразаны бұзатын істердің осы тобын мүлдем білмейтін қарапайым адамдарды айтпағанның өзінде,уағыздаушылар мен адамдарды тура жолға салуды қалайтын адамдар да бұл туралы өте сирек айтады.

Әрбір мұсылман Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тіл кесапаттарына қатысты көптеген өсиеттерін есте сақтап жүруі қажет. Жаман немесе пайдасы жоқ нәрселерді айтқаннан гөрі, үндемеген абзал, әсіресе осы ұлы айда. Му`аз ибн Жәбәлдың сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сен сөйлемеген сайын игілікте болуды тоқтатпайсың. Ал сөйлей бастасаң, онда бұл (сөйлегенің) не сенің жағыңда болады, не саған қарсы болады» (әт-Табарани “әл-Кәбир” 2/73. Хадис сахих).

Ораза тұтушы осы айда Аллаһқа құлшылық етуде және Оған бойұсынуда көбірек ынта-ыждағат танытуы керек. Адамдар келтіретін забірге төзіп, ешкіммен ұрысып-керіспей, дауысын көтермеуі керек. Егер ораза тұтушыны біреу ұрысатын болса, онда ол барынша сабырлық танытып: «Менің ауызым берік!» /Инни соимун!/ , — деп жауап қайыруы керек. Бұл туралы мына хадисте айтылған: «Сендерден ешкім ораза күнінде жаман сөздер айтпасын және дауысын көтермесін. Ал егер біреу оған ұрысатын болса немесе онымен жанжал туғызғысы келетін болса, онда ол: «Расында, менің ауызым берік!», — деп айтсын» (әл-Бухари 1904, Муслим 1151).

Адам сондай-ақ күнәлардан аулақ болуға тырысуы, тыйым салынған нәрселерге қарамай, көздерін төмен түсіріп жүруі қажет. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Қиямет күні үш адамның көздері Отты көрмейді: Аллаһтан қорқып жылаған көздер, Аллаһ жолында күзетші болған адамның көздері және Аллаһтың тыйым салғанын көргенде, төмен қараған адамның көздері» (Ибн ‘Асакир “әт-Тәрих” 1/297. Хадис хасан. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 2673).

Ибн Мас`удтан Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Шын мәнінде, ораза – бұл аманат (сеніп тапсырылған нәрсе). Ендеше, әркім оған сеніп тапсырылған нәрсені сақтасын!» (әл-Хараити “Мәкәримул-ахләқ”. Хафиз әл-‘Ирақи хадистің иснадын хасан деген. Қараңыз: “Тахриж әл-Ихья” 1/354).

Share

You may also like...